Мәдениет

Облыстық қуыршақ театры 26-шы маусымын ашты

Мейрам Сексенбаев, Облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

-Қарт Қорқыттың ертегісін Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесіне арнап отырмыз. Спекталь Гаджий Мусаевтың “Волк, который ты кормишь” атты пьесасының желісімен қойылған. Қоюшы режисері – Евгений Пермяков. 7 жастан асқан көрермендерге арналған.

«Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деп аңызда айтылғандай, ертегі қобызшы қария мен өлімінің арасындағы арпалыстан басталады. Қойылымда басты кейіпкер ойлап тапқан – адал Ержан батыр мен оның ажалы жан бітірген Арамза қудың тартысы суреттелген. Аталған екі жігіт те сұлу Гүлназға ғашық болады. Қыздың назары досы Ержанға ауғанын қызғанып, Арамза бірнеше рет қарсыласының ту сыртынан пышақ ұрады. Десе де бұл арамдықтан Ержан бірнеше рет Қорқыт пен қобыздың құдіретінің арқасында құтылып шығады.

Айту керек, қыңыр мінез Арамза – театрдың жас актері Нұрсұлтан Қалқабектің алғашқы сомдаған басты рөлі.

Нұрсұлтан Қалқабек, Облыстық қуыршақ театрының актері:

-Арамза – аты айтып тұрғандай өте жауыз кейіпкер. Өмірде ақкөңіл адам болғандықтан да – маған мұндай күрделі рөлді ойнау қиынға соқты.

Ертегі соңында Арамзаның барлық қулығы ашылып, елден аластатылады. Қорқыттың өзге ертегілері сынды бұл қойылым да басты кейіпкерлер Ержан мен Гүлназдың мұратына жетуімен аяқталады. Бастысы – батырлық, достық, махаббат сезімдері ұштасқан ертек балалардың көңілінен шықты.

Яна Калинина:

-Ертегі достық махаббат жайлы. Күлетін жерлері де болды. Маған батыр ұнады.

Сергей Борисевич:

-Достар туралы ертегі. Маған бәрін жеңіп шығатын батыр ұнады.

 

 

Акбопе Танирберген