МТРА жаңалықтары

“Сақтықта қорлық жоқ”

Әмина Ғабитова – қала тұрғыны:

– Біз жылда пеш мұржасын ыстан, қоқыстан тазартып тұрамыз. Оған қоса пештің айналасын әктеп отырамыз. Мұндай шаралар өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін маңызды деп есептеймін.

Бұл жолы өрт сөндірушілер облыс орталығының ДСР ауданын аралады. Олар көшеде жолыққан әр баспана иелеріне өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау бойынша жадынама парақшаларын таратты. Сонымен қатар, тұрғындардан жылыту маусымына қаншалықты даяр екендіктерін де сұрастырды. Алаңдауға себеп баршылық. Өйткені, қызыл жалын осы жеке тұрғын үй секторында жиі орын алуда.

Дмитрий Растихин – Петропавл қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

– Біздің мамандар жыл сайын қыркүйек айының 15-і мен қазан айының 15-і аралығында өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау бойынша айлықты өткізіп тұрады. Тұрғындарға айтарымыз, жылыту маусымы басталар алдында пештерді жөндеуден өткізіп, мұржаларды күл-қоқыстан айына кемінде бір рет тазартып тұру қажет. Пешті жағуды үйден шығар алдында кемінде 2 сағат бұрын тоқтатыңыз.

Жыл басынан қала аумағында 166 өрт оқиғасы орын алып, баспана иелеріне 42 миллион теңгенің залалын келтіріпті. Өкінішке орай адам шығыны да жоқ емес. Петропавлдық 3 тұрғын қаза тауып, тағы 10-ны түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған.

 

 

Бакыт Садуакасов