Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік

Лейла Сайдашева – «VIZAVI COMPANY» ЖШС бас директоры:

– Біздің өнімдеріміз тек табиғи қоспалардан жасалған. Саудаға шығармас бұрын бірнеше тексерулерден өтеді. Сондықтан біздің өнімдеріміз де, оларды жасау жолдары да жоғары сапалы болып келеді. Біз «жақсы адамдарға көп тәтті идеялар» дегенді ұран етеміз.

Жерлестеріміз өнімдерінің жоғары сапасымен ғана емес, ерекшелігімен де таң қалдырды. Омарташылар қауымдастығының төрағасы Олег Гаврилов балдың түр-түрін мен қатар, одан шығарылған бірнеше өнімдерді жұртшылыққа көрсетті.

Олег Гаврилов – «ПАСЕКА КЫЗЫЛЖАР» ЖШС директоры:

– Біздің компания 20-ға жуық өнімді шығарады. Сонымен қатар, біз ішетін балды да жасап жатырмыз. Ол патенттелген. Әзірге бәсекелесі жоқ. Оны ескі Русьте жасағандай әзірлеп отырмыз. Сұранысқа ие. Денсаулыққа да пайдалы. Ресей мамандары да қызығушылық танытуда.

Көрмеге көрші елдің 80-ге жуық ауылшарушылығы кәсіпорны қатысса, Қазақстаннан 60 кәсіпкер ат салысты. Сонымен қатар, көрме барысында екі елдің компанияларымен тиімді келісім-шарттар бекітілді. Бірақ, басты кездесу, Ресей мен Қазақстан президенттерінің пленарлық отырысы болды. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мұндай жыл сайынғы дәстүрлі кездесулер екі ел арасындағы көп жоспарлы стратегиялық әріптестікті дамыту үшін маңызды деп атап өтті.

Владимир Путин – Ресей Федерациясының Президенті:

– Жыл санап Ресей мен Қазақстанның экономикалық қатынасы дамып, нығая түсуде. Сонымен қатар, ол қанатын кеңге жаюда. 2013 жылғы бірінші форум өткеннен бастап өзара сауда 6 есеге өсті.

Владимир Путин импорт саласына көп көңіл бөлінетіндігін тілге тиек етті. Сонымен қатар Ресей Президентінің ойынша, кесіліп пішкен тон келте болмас дегендей, бірге шешім қабылданатын болса, екі елдің де бәсекеге қабілеттілігі артып, батысқа жалтақтаудан арылуға болады екен. Өз кезегінде Елбасымыз сауда-саттықты ары қарай нығайту керектігін тілге тиек етті.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сауда екі елде де бар. Екі мемлекетте агроөнеркәсіп кешені жақсы дамыған. БҰҰ мәліметі бойынша 2015 жылға таман жер бетіндегі адамдардың саны 9 млрд аспақ. Сол уақытта оларды тамақтандыру жағы басты мәселе болады. Ал Қазақстан мен Ресей бұл тығырықтан ауылшаруашылығы арқылы шыға алады. Себебі, біздің басты байлығымыз осы сала. Бізде үлкен алқаптар мен жайылымдар, агрокешеннің іргетасы берік қаланған.

Бұдан соң екі елдің ауыл шаруалышылығы министрліктерінің жетекшілері Асылжан Мамытбеков пен Александр Ткачевтің баяндамалары тыңдалып, өңір басшылары шекаралық әріптестік жайында ақпарат берді. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың айтуынша, аймақ жыл санап Ресейге бидай экспортын арттыруда.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің өңір жыл сайын шет елге 1,5 млн тонна бидай, 200 мың тонна майлы дақылдардың тұқымын, 150 мың тонна ұнды экспорттайды. Биылғы жылы да теріскейлік диқандар жақсы егінімен мақтана алады. Болжам бойынша шаруалар 5 млн. тоннадан аса өнім алмақ. Облысымызда алқапқа бірінші рет Отандық жаңа техника шығарылып отыр. Петропавлда шілде айында «ҚАЗТЕХМАШ» зауыты комбайн шығарған болатын. Алдағы уақытта аталмыш зауыт өз комбайндарын Ресей диқаншыларына да саудалауға әзір екендіктерін жеткізді. «Авагро» компаниясының өнімі де орыс елінде сұранысқа жақсы ие. Олар штангалық бұрқақты замануи технологиялар бойынша жасайды. Соңғы екі жылда 400 бірлік техника құрастырылп, оның біразы Ресейге экспортталған.

Өңір жетекшісі мал шарушылығында да экспорттық әлеуеттің жоғары екендігін атап өтті. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеудің алар орны ерекше. Бұнымен айналысатын мекемелер де сапалы өнімдерімен қуанта алады. Ерік Сұлтанов жыл басынан Ресей аймақтары арасында 25 келісім-шартқа қол жеткізгенімізді де тілге тиек етті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Транзиттік әлеуетті арттыру үшін Көкшетау – Барнауыл теміржолын жөндеу мәселесі де көтерілді. Ол Қызыл-Ту Станциясынан бастап Русская поляна станциясы арасындағы 100 шақырым жол. Бұл Батыс-Сібір темір жолын Орталық Қазақстан магистралімен байланыстырмақ. Сонымен қатар, Түмен облысымен тығыз қарым-қатынас орнатылуда. Облыс жетекшілері мен ГАЗПРОМ АҚ өкілдерінің кеңесінен кейін, Солтүстік Қазақстанды газбен қамтамасыз ету мақсатында екі жаққа да тиімді болу үшін Қазақстан-Ресей үкімет аралық комиссиясында қарастыру туралы шешім шығарылды. Сонымен қатар, минималды шығынмен Солтүстік Қазақстандағы көлік-логистикалық орталығын дамыту, оның ішінде Қазақстанның оңтүстігінен Ресейге жеміс-жидек тасымалдау мәселесі де көтерілді.

Сонымен қатар, Петропавлдағы әуежай жөнделгеннен кейін ұшатын жүк және жолаушылар ұшақтарының бағыттары өзгермек. Олар енді Ресейдің ірі қалаларына да баратын болады. Кездесу соңында Елбасымыз Еуроазиялық экономикалық одақтың тиімді жақтарын қарастырып, оған мүше елдердің экономикалық мүддесінің ортақ жағдайда қорғалуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Ендігі дәстүрлі 13-ші форум Қазақстанда, Астанада өтетін болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ол «Еуразиялық кеңістіктің көлік-логистикалық даму әлеуеті» деген атпен ұйымдастырылмақ.

 

 

Риат Шони