Қоғам

Қазақ зағиптар қоғамы жыл басынан 28 миллион теңгенің тауарын шығарған

Александр Костыльников – “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ тігіншісі:

– Менің көзім бес жасымда көрмей қалды. Осы уақытқа дейін темір ұстасы болдым. Соңғы уақытта денсаулығым біраз нашарлағасын тігіншілікті үйрендім. Бастапқы бетте өте қиын болды. Саусақтарымды бірнеше мәрте ине тесіп кеткен күндер де кездесті. Алайда, еңбектену қажет. Жұмыс істемесең нан таба алмайсың.

Қазақ зағиптар қоғамындағы оқу-өндірістік кәсіпорнының әр бөлмесінде жұмыс қызған. Бірінде ауыл шаруашылығына қажетті щеткалар әзірленсе, енді бірінде маталар қиылуда. Ал, мына бөлмеде мақта матрастар дайындалады екен. Кәсіпорын бұл іспен 40 жылға жуық уақыт айналысады.

Алма Сахатова – “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ тігіншісі:

– Мен 1978 жылдан бері осында жұмыс істеймін. Матрас тігемін. Өзіме қызметім қатты ұнайды. Матрастарымызды сатып алушылар көп. Жалақы уақытылы төленеді.

Жалпы серіктестікте көз жанарынан айрылған 22 адам еңбек етеді. Олардың айлық еңбекақысы 45 мың теңгені құрайды. Шеберлер көрпе, орамал, төсек-орын, қолғап тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды тігеді. Негізінен зағип жандардың өз қолымен жасаған өнімдерін ауруханалар, балабақшалар мен мектептер сатып алады екен. Қазақ зағиптар қоғамының мүшелері өндірген тауарларға біздің өңір мен еліміздің басқа да облыстарынан сұраныс жоғары.

Өмірбай Нұрахметов – “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорны ЖШС директоры:

– Былтыр біз мемлекеттік тапсырысты 55 миллион теңгеге орындадық. Ол осы жылдың соңғы алты айында 28 миллион теңгені құрады. Жыл соңына дейін жоспарды толықтай атқарамыз деп ойлаймын. Өнімдерімізді тапсырыс бойынша еліміздің әр аймағына саудалаймыз. Қазір Ақмола облысына қарасты Макинка қаласындағы балабақшаға 50 көрпе тігудеміз.

Серіктестікте сондай-ақ, үй жиһаздары да құрастырылады. Бұл жерде 3-топтағы мүгедектер еңбектенеді. Шеберхана осыдан екі жыл бұрын Ресей қондырғыларын сатып алыпты.

Култанов Байболат