Денсаулық сақтау

Өңірдің емдеу мекемелерінде паллиативті медициналық көмекті дамыту қажет

Эльвира Байдуллина, Шал ақын аудандық орталық емханасының учаскелік медбикесі:

– Онкологиялық ауруы асқынып кеткен пациенттерге ем-дом жасау аздық етеді. Медициналық қызметкерлер үнемі науқастардың жанынан табылып, оларға рухани қолдау көрсетуі тиіс.

Облыстық семинар-тренингте Алматыдан келген мейман жергілікті медбикелер мен психологтарға паллиативті медициналық көмек деген ұғымды түсіндіруде.

Нағима Плохих, “Здоровая Азия” ҚҚ президенті, Алматы қаласы:

– Пациентке ауыр диагноз қойылған күннен бастап медициналық персоналдар мен психологтар оған психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетеді. Паллиативті медициналық көмек дегеніміз осы. Бүгінде Еуропа мемлекеттерінде онкологиялық аурулары асқынған пациенттерге паллиативті көмек көрсету жақсы жолға қойылған. Соның арқасында шетелде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім қысқарып, азаматтардың өмір сүруі ұзарған. Бұл тәжірибені біз Қазақстанда кеңінен қолданысқа енгізуге тиістіміз.

Алматылық мейманның айтуынша, ауруын бір сәтке ұмыту үшін есірткі мен ішімдікке салынатын пациенттер де бар екен. Осы ретте дәрігерлер, медбикелер мен психологтар ұжым болып, емделушінің жағдайына алаңдаушылық білдірсе, қатерлі ісікке шалдыққан пациенттің өмір сүруге құштарлығы артатын көрінеді.
Денсаулық саласында 35-ші жыл еңбек етіп келетін Майра Рахметова
бұл жерде науқастың туған-туыстарымен де етене жұмыс жасау қажет дейді.

Майра Рахметова, Шал ақын аудандық орталық емханасының аға медбикесі:

– 35 жылдың ішінде мен қатерлі ісікпен ауырған адамдарды көп көрдім. Біразы күйзеліске шалдығып, өмірден түңілетін. Сондықтан песимистік көзқарастағы азаматтарымызға паллиативті медициналық көмек керек деп есептеймін.

“Қазақстан азаматтарына онкологиялық көмек көрсету” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл семинар-тренинг өңірімізде 3-ші күн өтіп жатыр. Алғашқы күні жиынға емдеу мекемелерінің басшылары, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлер қатысыпты.

Берик Касен