Ауыл шаруашылығы

2015 жылы СҚО 226 мың 500 жуық гектар алқапта зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілді

Жұпсыз жібек көбелегі көп орналасқан жерлерді анықтау науқаны қазан айының аяғына дейін жалғаспақшы. Бұдан бөлек осы жылы италияндық шегіртке, колорад қоңызы, астықтың сұр көбелегі сынды өсімдікті зақымдаушыларға қарсы химиялық өңдеу жүргізілді. Қазір күз келіп, күн суытқанымен фитосанитария мамандары зиянкестерге қарсы күрес шараларын доғарар емес. Себебі олар аман қыстап шықса, келер көктемде біраз алқаптағы өнімге орасан зиянын келтіруі мүмкін. Мынау Қызылжар ауданындағы егістік алқабы. Мұнда агроном-энтомологтар дестеге түсірілген масақтардың арасынан астықтың сұр көбелегі жұлдызқұрттарын іздеуде. Бұл жұмысты олар қыркүйектің аяғына дейін жалғастырмақшы.

Татьяна Мельникова, “РФДжБӘО” ММ СҚО Қызылжар аудандық филиалының агроном-энтомологы:

– Біз зиянкестерді тауып алып салмағын өлшейміз. Егер біреуінің салмағы 300 милиграммнан артық болса, ол жер астында аман қыстап шығып, келесі жылдың көктемінде жұмыртқа салады. Олар бидайдың жауы. 1 жәндік жаз бойы 2 грамм бидайды жеп қояды. Егер 100 бас масақтың ішінен 15 шақты астық сұр көбелегінің жұлдызқұрты табылса онда ол алқапқа келесі жазда міндетті түрде химиялық өңдеу жүргізу керек.

Биыл агроном-энтомологтар 1 млн-нан астам гектарда зерттеу жүргізіп, 95 мың гектарында астықтың сұр көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жүргізген. Айта кетейік, аса қауіпті зиянкестері бар жер телімдері мен карантин нысандарын өңдеу ел қаражаты есебінен жүргізіледі.

Рүстем Елубаев, “РФДжБӘО” ММ СҚОФ директоры:

– Биыл жұпсыз жібек көбелегіне қарсы 31 мың гектарға химиялық өңдеу жүргізілді. Жазда италияндық шегіткелер Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов аудандарында көп табылды. Сондай-ақ, осы жылы қырыққабат күйесі жұлдызқұртына қарсы 74 мың гектардағы майлы дақылдар да өңделді.


Рүстем Елубаевтың айтуына қарағанда, биыл облыс бойынша дәнді және майлы дақылдарды зиянкестерден қорғау шаралары тиісті деңгейде жүргізілген. Сондай-ақ, 2015 жылы 647 мың гектар алқапта бурыл, таты, септориоз сынды ауруларға қарсы химиялық өңдеу жүргізілді.

Берик Касен