Құқық қорғау органдары

СҚО-ның полицейлері “автодауыл” аппараттық-кешенінің көмегімен борышкерлерді анықтауда

Күн сайынғы тексерістен облыс орталығының жүздеген көлігі өтеді. Мәселен, бүгін екі сағат ішінде 30 жүргізуші мойнында мемлекет алдында борышы бар екені анықталды. Оның 12-сі қарызын бірден төлепті. Мамандардың айтуынша, «автодауылдың» көмегімен бір күн ішінде 1 млн теңгеге жуық ақша өндірілген.

Алексей Морев – Петропавл қаласы әкімшілік полициясының инспекторы:

– Бүгінгі күні біз уақытылы төленбеген қарыздармен жиі ұшырасамыз. Сол себепті күн сайын облыс орталығында сот актілерін орындау департаменті мен «Автодауыл» кешенінің арқасында 1 млн теңгеден астам қарыз өндіріледі. Ол үшін полиция мамандары қызу жұмыс істеуде.

«Автодауыл» құрылғысына әр өткен көлік иесі туралы ақпарат келіп түседі. Мысалы мына жас жігіт туралы мәлімет экран алдына бірден шықты. Себебі бұл азамат осы күнге дейін айыппұлын өтемеген екен.

Мамандардың бірнеше рет жіберген ақпараттық хабарламасына назар аудармаған көлік иесі енді қарызымды өтеймін дейді. Бірақ әзірге Мараттың «ауди-100» маркалы көлігі енді айыппұл тұрағында қойылады.

Марат Синтиков:

 

– Мені жол полициясы қызметкерлері тоқтатты. Мойнымда төленбеген 5 айыппұл бар екен. Сол себепті көлігімді арнайы тұраққа әкелді. Қарызым туралы білгенмін, тіпті, маған ескертпе қағаздар да келген болатын. Өкінішке орай есімнен шығып кетті. Енді тез арада қарызымды төлеп, машинамды алып кетемін.

Айту керек, әзірге бұл кешен СҚО-нда біреу ғана. Бірақ, мұндай аппараттың аздығына қарамастан, тәртіп сақшылары 87 млн 46 мың теңге көлеміндегі мемлекетке тиісті қарызын өндіріп үлгерген.

Айгерим Ержанова