Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астанада салтанатты жиын өтті

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын мемлекеттік әнұранмен басталды. Бүгінгі торқалы тойды отандастарымызбен ортақтасуға бауырлас елдердің басшылары – Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаев пен Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиев, Түркия Республикасы Парламентінің төрағасы Исмет Йылмаз келді. Жиын барысында сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тарихы сонау тереңде екендігін атап өтіп, тәуелсіздіктің қазақ халқы үшін құндылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тәуелсіздік Қазақстанның өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары және ірі елді-мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай, Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері оқу орындарына беріле бастады. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды.

Осыдан 550 жыл бұрын Қозыбасы тауының бөктерінде құрылған Қазақ хандығы мемлекетке жалғасып, қазір еңсесі биік, өркендеп келе жатқан елдердің қатарында келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінде Қазақстан үйренуші елден үйретуші елге айналуда. Жиын барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үшін үш мұхитқа жолдың ашылғандығын тілге тиек етті.
Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша аянбай күресіп, жау аяғын елімізге басқызбай ұрпаққа ұлан-ғайыр даланы мирас қылып қалдырды. Алайда, еліміз үшін мұхитқа шығатын жол болмаған екен. Ал егемендік алып, еңсемізді көтергелі бері жалпы ұзындығы 2 мың 500 шақырым темір жол салынып, Қазақстанның барлық облыстары байланыстырылғанын Елбасы тағы бір мәрте еске салып өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Нәтижесінде Қазақстанның болат жолдары Қытай арқылы Тынық мұхитына шықты, ағайынды Түрікмендер жері арқылы Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына шықты. Ресей арқылы Батыс Еуропадан Атлант мұхитына жететін болдық. Бұған қосымша батыс Қытай, батыс Еуропа Евразиялық автомагистральді пайдалануға беруге дайынбыз. Мінекей Қазақстан үш мұхитқа бірдей ашылған жолдармен тасылатын жүктердің әр тоннасы ел байлығын еселейтін тұрақты табыс көзіне айналды. 21-ші ғасырдың нағыз Жібек жолы деп осыны айтуымыз керек.

Қазақстанның кешегісі мен бүгінгісін салыстыруға келмейді. Көпті басынан өткеріп, төзімділігі мен табандылығының арқасында армандағы жетістіктерге жетті. Экономикасы алға басқан мемлекеттермен терезесін тең қылуға тырысқан еңселі еліміздің бағындыр биік асулары әлі алда.

Жарасбай Сүлейменов – Қазақстан Жазушылар одағы СҚОФ директоры:

– Қазақ хандығының 550 жылдығы – біздің еліміз үшін үлкен мереке. Сондықтан, кең байтақ Қазақстанды мекендеп жатқан сан алуан ұлттардың барлығы бір адамдай, бір кісінің балаларындай тойлап жатыр.

Наиль Салимов – Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Өткен ғасырдың батырлары Қазақстан гүлденуші және бейбітшіл мемлекет болсын деп күрескен. Бүгінде солардың еңбегі еш кетпегенін көріп отырмыз. Бұл тарихи оқиға өскелең ұрпаққа және барша қазақстандықтарға өткен ғасырларды зерттеуге тың серпіліс бермек. Өйткені, тарихты білмей болашақты болжау мүмкін емес.

Шаймардан Нұрымов – Республикалық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы:

– Бұл мереке Қазақстан ұйғырларының да үлкен мейрамы болып есептеледі. Ұйғыр мен қазақ баяғы заманнан бауырлас-туысқан, дініміз де қанымыз да бір халықпыз. Құдайға шүкір, жүздеген емес мыңдаған жыл бірге тату-тәтті өмір сүріп келе жатырмыз.

Асанәлі Әшімов – Қазақстанның халық әртісі:

– Осы бүгінгі күнді армандаған біздің бабаларымыз жерімізді сақтап қалған, елдігімізді сақтап қалған үлкен ұлы тұлғаларды бүгін еске алудамыз.

Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту-таралғы ретінде шетелдіктердің де әкелген сыйлары бар. «Vox populi» ғылыми-зерттеу орталығының президенті Эрманно Визинтайнер бүгін «Қазақ хандығына 550» жыл деп аталатын өз кітабының тұсауын кескелі тұр. Бұл еңбекті жарыққа шығаруда италияндық ғалым көптеген тарихи құжаттарды зерделепті.

Эрманно Визинтайнер – «Vox populi» ғылыми-зерттеу орталығының президенті, Италия:

– Мен өз кітабымды жуырда аяқтадым. Туындым үш бөлімнен тұрады. Алғашқысы ол – Қазақ хандығының рухани бастауы. Мұнда әл-Фарабиден бастап Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі кезең қамтылады. Өйткені, әлемнің екінші ұстазы халықтың рухани байлығы керек десе, Н.Назарбаев мұны “Мәңгілік ел” тұжырымдамасы арқылы жалғастырды. Екіншісі, ұлы хандар Керей мен Жәнібекке арналған. Олардың жүргізген саясаттары жайлы толық баяндадым. Ал соңғы бөлімі осы елдің ғалымдарының Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды “Қазақ елі” деп атау туралы ұсынысының талқылануы жайлы жазылған

Рафис Абазов – Колумбия университетінің профессоры, АҚШ:

– 12 жыл бұрын мен Орталық Азияның тарихи атласы деген еңбегімді жарыққа шығардым. Онда мен негізінен Ұлы Жібек жолын, оның ішінде қазақ жерін кесіп өтетін аралықты зерттедім. Жұмысымды көбіне сол жылдардағы саяхатшылардың хаттарына, ұлы ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп жаздым.

Кезінде Керей мен Жәнібек хандардың соңынан ерген халықтың саны небәрі екі жүз мың шамасында болса, қазіргі Қазақ елі халқының саны ол он алты миллионнан асады. Яғни, алда қандай қысылтаяң шақтар болмасын “Бірлігі жарасқан ел болады” демекші”, бір жеңнең қол, бір жағадан бас шығарып, оны да өткеріп, болашағы жарғын мемлекет болатындығын Елбасы сеніммен айтты.

 

Риат Шони