Балалар

Облыстық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығында ашық есік күні өтті

Камила Ержан – «Айналайын» вокалдық тобының мүшесі:

– Мен Роза Рымбаеваға ұқсағым келеді. Ол жақсы ән айтады. Даусы да керемет. Сондықтан да мен ол сияқты болғым келеді. Біз мұнда өлең айтамыз. Өлеңге қосыла билейміз. Сахнаға шыққанда дұрыс жүруге, өзіңді қалай көрсету керектігін үйретеді.

Аталмыш орталықта 50-ден астам балалар шығармашылық бірлестіктері бар. Онда бір мыңнан астам бүлдіршін білікті әрі тәжірибелі мамандардан сабақ алып, шыңдалады. Әсіресе, орталықтағы ең жас өнерпаздар сахнадағы мәдениетке кішкентайынан үйренеді екен.

Бұл күні мұнда тамаша концерт ұйымдастырылып, шығармашылық топтарға жаңа тәрбиеленушілерді қабылдауға арналған ашық есік күні өткізілді. Орталық мамандарының айтуынша, өнерлі ұжымда жұмыс жасау арқылы кішкентай балалар үлкен сахнаға шығу мүмкіндігін иеленеді дейді. Тіпті, шетелге барып, халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандардан сабақ алады.

Ирина Колодаева – Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:

 

– Бүгін біздің орталықта ашық есік күні өтуде. Бұл күнде біз дәстүрге сай қала мектептерінің оқушыларын, ата-аналар мен балаларды шығармашылық ұжымдардың өнерімен таныстырамыз. Қазір концертте орталықтың хореографиялық, вокалдық, театралды ұжымдары сахнаға шығады. Сонымен қатар, біз ұжымдарға оның ішінде техникалық, шығармашылық топқа, жас журналистер мектебіне және т.б топтарға жазылуға шақырамыз.

Айту керек, жас таланттардың өнерін тамашалау үшін Петропавл қаласы тұрғындарының үлкені мен кішісі де жиналды. Олар шапалақ соғудан да талмады. Жалпы орталық өз жұмысын қыркүйек айының 15-і күні бастауды жоспарлап отыр. Әзірге, шығармашылық топтарға жазылу науқаны жүргізілуде.

Айгерим Ержанова