МТРА жаңалықтары

Күзде Петропавл балық питомнигі су қоймаларына 1 млн. дана тұқы шабағын жібермекші

Рустам Жанабаев, Петропавл балық питомнигі директорының орынбасары:

– Ғалымдардың кеңесі бойынша Солтүстік Қазақстанның аязды қысынан аман шығу үшін тұқы шабақтарының салмағы 20-25 граммнан кем болмауы тиіс. Мен қазір 50 шақты су жәндігін жеке-жеке өлшеп, орташа салмақ көрсеткішін есептеп шығарамын. 4 айдың ішінде 25 грамм және одан жоғары салмақ жинағанын байқадым. Енді оларды қорықпай табиғи ортаға жіберуге болады.

Мамандардың айтуынша, тұқы балықтары табиғи ортада өздігінен көбейе алмайды. Сондықтан, өңірдің су көздеріндегі балықтардың биологиялық сан алуандығын қалыпта сақтау үшін биыл Сергеев және Петропавл су қоймаларына жалпы саны 95 млн дана тұқы жіберілді. Тағы 1 миллионы осы күзде босатылады. Маңызды шаруаға ел қазынасынан 54 млн 800 мың тг бөлінген.

Ержан Жұмабаев, Петропавл балық питомнигінің директоры:

 

– Көктемде Сергеев су қоймасына 55 млн дана тұқы дернәсілін жібердік. Ал Петропавл су қоймасына 40 млн дана тұқы босатылды. Осы күзде тағы Петропавл және Сергеев су қоймаларына жалпы саны 1 млн тұқы шабағын жібереміз. Осылайша, біз мемлекетік тапсырысты 100 пайызға орындаймыз.

Жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыстың ойдағыдай орындалуын балық инспекциясы жанынан құрылған арнайы комиссия бақылауда.

Бұл жолы да олар осы шаруаның аяқсыз қалмауына жауапты.

Берик Касен