Ауыл шаруашылығы

Жергілікті фермерлер асыл тұқымды ірі қараның басын көбейтуде

Былтыр фермер асыл тұқымды бұқаларды жергілікті тайыншалармен будандастырып 105 бас төл алған. Келешекте ол таза қанды ангус сиырларының басын 300-ге жеткізбекші. Жерлес кәсіпкер бір жылдық торпақтарды Ақмола мен Қостанай облыстарындағы бордақылау алаңдарына тапсырып отырады. Қанат Бекенов қысқа 1,5 мың тонна пішендеме мен 450 тонна шөп дайындапты. Айта кетейік, қысқа жем-азық әзірлеу үшін де ел қазынасынан демеу қаржы қарастырылған.

Қанат Бекенов, “СТАН” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Биыл аналық бас сиырлардың әрбіреуіне 18 мың теңгеден субсидия алдым. Және де асыл тұқымды бұқалар сатып алғаным үшін 154 мың теңге демеу қаржы берілді. Қысқа пішендеме дайындау үшін әр гектарына 15 мың теңгеден субсидия алдым. Барлығын қоса алғанда мал шаруашылығын дамытуға ел қазынасынан 3 млн. 200 мың тг субсидия төленді.

Жергілікті фермер теңгенің еркін айналымға жіберілуі дер кезінде жасалған оңтайлы шешім деп есептейді.

Қанат Бекенов, “СТАН” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

 

– Теңгенің еркін айналымға жіберілуі кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығына тиімді деп ойламын. Алда ет пен астықтың сатып алу бағасы көтеріледі деген ойдамын. Одан бізге түсетін пайда мол. Тиісінше, салық көбейіп, бізге еңбеккерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік бар.

Жыл басынан Мамлют ауданында “Сыбаға” бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асырылды. Жоспар бойынша аталған аудан фермерлері жыл аяғына дейін 400 басқа жуық мүйізді ірі қара сатып алулары қажет.

Берик Касен