Қоғам

Петропавлдық оқушылар Қазақ хандығы туралы компьютерлік ойын жасауда

Владислав Малихторович, ойын авторы:

– Біз мұнымен айналысатын мультипликатор немесе аниматор емеспіз. Бұл компьютерлік ойын 3Д графикасында жасақталған. Былайша айтқанда, ол интерактивті ойын болады. Монитордан өзімізге кейіпкер таңдап, оны тышқанның көмегімен басқара аламыз.

Ойынның стратегиясын құруды ұсынған Владислав Малихторович
барлық ақпаратты өңдеумен айналысады. Ал Ерасыл Ділдайым хронология мен болған оқиғаның тарихи шындыққа жанасымды болуына жауапты.

Ерасыл Ділдайым, ойынды жасақтаушы:

– Мен Қазақ хандығы жайлы ақпаратты түрлі дерек көздерінен жинадым. Мәліметтерді басқа авторлардың келтірген мысалдарымен салыстырдым. Яғни ойыншы хандар мен сұлтандар арасындағы болған шынайы шайқастарды қатесіз қабылдауы тиіс.

Ойын сценарийінде құйтырқы операциялар құратын тыңшылар мен жауласқан екі тарапты татуластыратын елшілер бар. Ойыншылар бұл жерде шайқасып қана қоймай, сонымен қатар қоныстарын қорғап, шаруашылықпен айналысады. Мұнда қазақ хандығы тұсында есімдері тарихта қалған тұлғалардың биографиясын оқуға болады.

Никита Нұрғалиев, ойынды дизайнын жасаушы:

– Мен персонаждар мен нысандардың түр-келбетін жасап, олардың экранда барынша шынайы көрінуі және тарихтағы кейіпкерлерге ұқсас болуына жіті мән беремін.

Жобаны жасақтаушылар қазақ хандығының 550 жылдық тарихын 20 кезеңге бөліпті. Әр деңгей 40 минутқа шақталған. Одан тек Қазақстан тарихын жақсы білетін ойыншылар ғана өте алады. Өнертапқыштардың айтуынша, бұл ойын студенттер мен шетелдіктерді де қызықтыра алады.

Владислав Малихторович, ойын авторы:

– Бірінші ойында еліміздің тарихымен танысуға болады. Мұны өзге ұлттың өкілдері мен шетелдіктерге де ұсынуға болады.

Оқушылардың сөзіне қарағанда, шетелдіктердің біразы ежелгі Рим тарихын осынадай ойындарды ойнау арқылы таныған көрінеді.

Ерасыл Ділдайым, ойынды жасақтаушы:

 

– То есть- наша игра дает вам возможность провести ваше время приятно и с пользой.

Бүгінде ойынның 2 деңгейі дайын. Қазақ-түрік лицейі оқушылары жобаны оқу жылының соңына дейін аяқтамақшы. Оқушылардың мұндай бастамасына қызығушылық танытқан жергілікті билік оларға қаржылай көмек көрстеуге уәде берді.

Берик Касен