Қоғам

Аққайың ауданының қариялары – гауһар, алтын және зүбәржәт тойларын атап өтті

Олар гауһар тойға орай жұрт алдында тәуелсіз Қазақстанның неке куәләгіне қол жеткізіп, сақина алмасты. Жұптардың бірге кешкен ұзақ ғұмыры қызықтарға толы. Мәселен, Любовь пен Борис Галыгиндер 1955 жылдың жазында би кешінде танысып, 2 айдан соң отау құрған. Бүгінде нәзікжанды 80, ал қария 83 жаста. Талай қиындықты жеңген отбасы бақытты күн кешуде.

Александра Галыгина

– Біз отау құрғанда ешқандай куәгер де болған жоқ. Жай ғана АХПЖ бөліміне барып некемізді қидық. Сөйтіп отбасылық өміріміз басталып кеткен. Ал,бүгін қобалжыдым әрі қуандым. Осыншама жылдан кейін тағыда некелесіп, куәлік алдық. Барлық замандастарым құттықтап жатыр.

Ал, бүгінгі кештің куәгерлері – Ұрқия және Есмағұл Боранбаевтар 1960 жылы үйленген екен. Қария – тыл ардагері. Кейуана болса – күміс алқа иегері. Бір-біріне сүйеу болып, өмірдің қызығы мен келеңсіздіктерін бірге көрген ерлі зайыптылар бүгін 55 жыл бұрын өткен тойларын еске алды.

Ұрқия Боранбаева:

– Біздің кезімізде ақ көйлек, ұлан асыр той деген болған жоқ. Қиыншылық, жоқшылық кезең. Басымызға ақ орамал тағынып, шымылдық астында отырдым. Ертеңінде келін шайын бердім.

Есмағұл Боранбаев:

– Ыдыс аяқ сылдырамай тұрмайды ғой. Қызығы мен шыжығы мол отбасылық өмірде түрлі жағдайлар орын алады. Бәріне шыдадық. Бүгін 6 баладан немере-шөбере сүйіп отырмыз.

Аққайың ауданында жалпы 50 жылдан астам 1 шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан 26 отбасы бар. Биыл оның екеуі – гауһар, 8-і алтын, қалған 16-сы зүбәржат тойларын тойлағалы отыр.

Борис Баяшев, Аққайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бүгінгі шарамыз қарттар және отбасы күнімен орайластырылып отыр. Мұндай мерекелерден бөлек ауданда қарияларға жыл бойына көмек көрсетіледі.

Салтанатты шараға Аққайың ауданының 50 жылдан астам өмір айдынында қол ұстасып келе жатқан 13 жұбы қатысты.

Акбопе Танирберген