Мәдениет

СҚО жастар бастамалары орталығы кішкентай солтүстікқаззақстандықтарға қайырымдылық саяхатын ұйымдастырды

Бұл Әйгерім Қайыржанның өлкетану мұражайына алғаш келуі. Сол себепті оның қуанышында шек жоқ. Бұған дейін ол кейбір аң-құстарды тек кітап парақтарынан көрсе, кейбіреуін тіптен білмеген. Бүгінгі экскурсиядан 10 жасар қыз көп мәлімет алғанына дән риза. Ұйымдастырушыларға да алғысы шексіз.

Әйгерім Қайыржан – Парасат мектеп-лицейінің оқушысы, Бескөл ауылы:

-Маған мұнда қатты ұнады. Түрлі жануарлардың, тіпті құстардың да мүсіндері бар. Барлығы шынайы сияқты. Бұл менің алғашқы келуім. Өзіме көп ақпарат алдым.

Бұл қайырымдылық саяхатты облыстық жастар бастамасы орталығы Қазақ хандығының 550 жылдығы мен отбасы күніне орайластырған екен.

Нұрсаят Сәркен – СҚО жастар бастамасы орталығының директоры:

-СҚО жастар бастамалар орталығы Қызылжар ауданының мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап Петропавл қаласын аралату үшін қайырымдылық саяхат ұйымдастырды. Бүгінгі экскурсияға аталған ауданнан шамамен 25 бала қатысады. Ал бұған дейін облыс орталығына Ғ.Мүсірепов ауданының балалары келген болатын.

Қала аралауға Қызылжар ауданынан 20-дан астам мектеп жасындағы балалар келген. Оның ішінде Бескөл, Чапаево және Новакаменко ауылдарының кішкентай тұрғындары бар. Айту керек, аталған шараны жастар бастамалары орталығы әлі де жалғастырмақ ниетте.

 

 

Айгерим Ержанова