Ауыл шаруашылығы

Өңір диқандары агрокеңесте бас қосты

Василий Шкодин- «Агрохимснаб» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

-Тағы 25 пайыз бидай бастырылды. Техника, жанар-жағармай қоры жеткілікті. Қазан айының 10-на дейін барлық жұмыстарды аяқтаймыз деп отырмыз. Тұқым қоры әзірленді. Жем-шөппен толық қамтылдық. 2 мың га жер парға қалдырылып, өңделіп жатыр.

Бұл істің жілігін шағып, майын ішкен мамандар қазіргі таңда егістіктің 80 пайыздан астамы пісіп жетілді дейді. Орташа шығымдылық гектарынан 20 центнерден айналуда. Сондықтан қолайлы ауа райын күтудің қажеті жоқ. Өйткені, синоптиктер бүгіннен бастап, күннің бұзылатындығын ескертуде. Ал қыркүйекті өткізіп, қазан айында ауа райы жақсарады деп арқаны кеңге салғандар өткен жылғы кейіпті кешуі мүмкін.

Қымбат Мерғалымова- СҚО бойынша «Қазгидромет» МКК директоры:

-Қыркүйек айының 3-ші онкүндігі жаңбырлы болады. Күндіз ауа температурасы 17 градус болса, түнде салқын түседі. Ал қазан айының басында ауа райы тым суытады. Күндіз ауа температурасы -3,-15 градусқа дейін барады. Ал айдың екінші бөлігінде тіпті қар аралас жаңбырлар жаууы ықтимал.

Ғалымдар болса, бүгіндері шаруалардың назарын кеш себілген, яғни, маусымның 1-ші онкүндігінің аяғы мен 2-ші онкүндігінде егілген егіс алқаптарына аударуда. Мамандар, бұл жерлерге дисекация жүргізу керек дейді.

Белгібай Қанафин- «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылығы тәжірбие станциясы» ЖШС директоры:

-1-ші және 10-шы маусым аралығында егілген дән бүгіндері толық пісуі үшін дисекация әдісін қолдану керек. Осы әдісті уақытылы қолданса, қыркүйекі айында егінді алуға болады.

Тағы ғалымдар, аграрийлерге біздің ауа райына қолайлы, ерті пісіп-жетілетін дән сұраптарын егуге кеңес береді. Тағы мамандар Омская-19, Астана, Астана-2 сұраптарын еккен диқандарға, оларды бірінші кезекте орып алу қажеттігін айтуда. Өйткені олар көп тұрып қалса, қауыздағы дәндерін жоғалтатын көрінеді. Жиынға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров шаруаларға өткен жылғы қателіктерді қайталамау қажеттігін ескертті. «Алма піс, аузыма түс» деп қолды қусырып бос жатпай, әр күнді тиімді пайдаланып, алтын астықты қамбаға уақытылы құю қажет.

Айдарбек Сапаров- СҚО әкімінің бірінші орынбасары-

-Мен бірқатар аудандарда болдым. Егін пісіп тұр, ауа райы қолайлы, бірақ алқапта жүрген техника көрінбейді. Сұрасам жатка жоқ дейді. Мұндай жағдай болмауы керек. Жаз бойы не істедіңдер. Сондықтан әр аудан басшысы, ауыл шаруашылығы басқармасы ондай жағдайларды қадағалап отыру қажет. Ғалымдардың айтқан ескертпелерін назардан тыс қалдырмаңыздар. Жұмысшылардың жалақысын арттырып, техниканың дұрыстығына мән берген дұрыс.

Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды демекші, бүгіндері өңір диқандары жерге сіңірілген ырыс дәннің 998 мың гектарын бастырып үлгерген. Бұл облыстағы жалпы алқаптың 31 пайыздан астамын құрайды. Көш басында Аққайың, Есіл және Қызылжар аудандарының диқандары келеді.

 

 

Магжан Ахмадина