Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданының диқандары дәнді және бұршақты дақылдардың 30 пайызын бастырып үлгерді

Виталий Сорока, “СТАН” ЖШС механизаторы, Мамлют ауданы:

-Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүргеніме осы жылы 22 жыл толды. Биыл бидайдың шығымы жақсы. Бірақ ауа райының құбылуына байланысты кей алқапта өнім толық пісіп-жетілген жоқ. Комбайндар ыңғайлы. Бір ауысымда 80 тоннаға дейін бидайды бастыруға болады. Жалақыны ай сайын алып тұрамын.

Егінді уақытында жинап алу үшін “СТАН” ЖШС-гінің жұмысшылары 400 гектардағы бидайды глифасат препаратымен өңдеп, десикациядан өткізген. Бұл әдіс бидайдың мерзімінен бұрын пісуін жеделдетеді.

Рүстем Нагуманов, “СТАН” ЖШС бас агрономы, Мамлют ауданы:

-Биыл гектарынан орташа есеппен 17-20 центнерден өнім алудамыз. Мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін жазда бел жазбай алқапта жүріп еңбектендік. Биыл алып жатқан өніміміз жаман емес. Бидай дәніндегі желімтік мөлшері 23 пайызды құрайды. Ылғалдылығы да жоғары емес. 14-15 пайыз.

Компаниядағылар тұқымдарын жылда ауыстырып тұрады. Биыл олар жерге “Омбы” 35,36 және “Астана” сұрыптарын сепкен. Бүгінде серіктестіктегілер бидайға қарастырылған 3000 Га алқаптың 3/1 бөлігі құлатып, өнімнің 5 пайызын бастырып алды.

Қанат Бекенов, “СТАН” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

-Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 30 пайызын құлаттылды. 70 гектар жердегі бұршақты жинап алдық. Гектарынан 21 центнер өнім алдық. Бұл жақсы көрсеткіш.

“СТАН” ЖШС-нің механикаландырылған 2 тоғы бар. Серіктестік әкімшілігі оның біреуіне күрделі жөндеу өткізіп, ішіне су жаңа 2 қондырғы орнатқан. Олардың арқасында тәулігіне 500 тонна астықты кептіріп, тазалауға мүмкіндік бар. Онымен қоса мұнда жалпы сыйымдылығы 4 000 тоннаны құрайтын 5 қоймасы бар.

Жалпы бүгінде Мамлют ауданы бойынша дәнді және бұршақты дақылдарға 117,6 мың гектар қарастырылған. Осы күні ондағы өнімнің 53 пайызы соғылып, 30 пайызы бастырылыпты. Әзірше аудан бойынша гектар берекелігі орташа алғанда 14 центнерден айналуда.

Василий Лисичкин, Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмi жетекшісінің орынбасары:

-Осы күні бидайды бастыру көрсеткіші бойынша Атрей, Михайловская Агро, Новомихайловский серіктестіктері алда келеді. Ауданымызда астық кептіргіш қондырғылар жетерлік. Әр шаруашылықта бидайдың ылғалдылығы әркелкі. Біреуінде 18 пайыз болса, басқаларында 21 пайызға дейін жетеді.

Мамлют ауданында егін егумен 250-ге жуық шаруашылық айналысады. Жайма шуақ күндер ұзағынан болса, аграрийлер 2 аптаның ішінде егінді жинап үлгеруі қажет.

 

Берик Касен