Қылмыс

Қылмыскер өз-өзіне қол жұмсады

Көлік жүргізушісі:

– Қоңырау түсті. Аталған мекен-жайға келдім. Ер адам саяжайдан ағамды алып кетуім керек деді. Ешқандай күдік туғызбады. Саяжайлар маңайына келгеннен кейін шолақ оқпан қаруын кезеніп, көліктен түсуге бұйырды. Соңымнан еріп келіп, жерге отырғызды. Біткен жерім осы шығар дедім. Бірақ, өлтірмейтінін айтты. 2 сағат күт, ешкімге хабарласпа деп кетіп қалды. Менің телефоным көлікте қалған. Сондықтан, жақын маңдағы жолға шығып кездескен алғашқы адамның телефоны арқылы 102 нөмірін тердім.

Сөйтіп, аталмыш оқиғадан хабардар болған СҚО ІІД Жедел жоспарлау басқармасының қызметкерлері «Ұстау» жедел шарасын жариялап, барлық кезекші патрульдерге хабар берген. Петропавл қалалық ІІБ жол-патрульдік полиция батальоны сезіктіні ұстау амалдарын қолға алады. Дегенмен, қашып құтылмақ болған күдікті көлікті қаланың сыртына тастап, өзін шолақ оқпанымен атып салған.

Динара Сағындықова, СҚО ІІД баспасөз қызметкері:

– Күдікті бірден 3-ші қалалық ауруханаға жеткізілді. Ота жасалғанымен, сол жерде көз жұмған. Фактілер бойынша сот алдындағы тергеу амалдары басталды, бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Марқұмның бұған дейін де қарақшылық пен ұрлық жасағаны үшін сотталғаны белгілі болды.

Акбопе Танирберген