Білім

Петропавлда “Денсаулық фестивалі” өтті

Валерий Евдокименко – Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі:

-Бүгін “Салауатты өмір салтына иә де” атты республикалық фестиваль өтіп жатыр. Біз де бұл шарадан шет қалмай, “Денсаулық фестивалін” ұйымдастырудамыз. Бұған теріскейліктер белсенді ат салысуда. Жұртшылық көптеп жиналды. Басты мақсатымыз – жерлестерімізді салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Таң атқаннан орталық алаңға фестивальге қатысуға студент Біржан Тұрғынбаев та келіпті. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де бірінші курста тәлім алып жүрген бозбала күнделікті салауатты өмір салтын ұстанады екен. Сол себепті де шараға ат салысуды жөн санапты.

Біржан Тұрғынбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Мен салауатты өмір салтын күнделікті ұстанамын. Спорт деген ол өмір. Күнімді спортсыз елестете алмаймын.

Кейін “Денсаулық фестиваліне” ат салысып жүрген солтүстікқазақстандықтар 2 шақырымдай жерді жеңіл жүгіріспен бағындыруға аттанды.

-Дәл қазір фестивальге қатысқан барлық жастар бір адамдай жеңіл жүгіріспен Тәуелсіздік стелласына бет алуда. Мұнымен олар барша тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру үстінде.

Жүгіргендердің барлығы, қарты мен жасы да бір-бірінен қалыспай Тәуелсіздік стелласына дейін келіп жетті. Бұдан соң қайта артқа, яғни орталық алаңға бір деммен аттанды. Араларында шаршағандар байқалмайды. Мәреге келіп жеткендердің бірі әйгілі жерлесіміз Сергей Харламов. Мүгедектер спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері мұндай шараның ұйымдастырылғаны жастар үшін құптарлық игі іс дейді.

Сергей Харламов – мүгедектер спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Орташа жылдамдықпен жүгіріп өттім. Бүгін ауа райы да тамаша. Теріскейліктердің спортқа жақын болғандығы қуантады. Өзім спортпен айналысамын. Күнде таңертең жүгіріп тұрамын. Салауатты өмір салтын ұстанған денсаулыққа өте пайдалы.

Шара соңында өңір каратэшілері өз өнерлерін көрсетті.

 

 

Риат Шони