Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл СҚМУ-не “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша 300 студент келді

Аталған жоба аясында биыл Петропавл қаласының ЖОО-на еліміздің 5 облысынан 300-ге тарта студент жиналған. Олардың қатарында Шырын Кәкен де бар. Ол Алматы қаласынан келіпті. Бала кезден үш тілді меңгеруді арман еткен ол аудармашы мамандығын таңадаған. “Серпін-2050” әлеуметтік жобасы жас түлекке үлкен мүмкіндік береді дейді Шырын Кәкен.

Шырын Кәкен – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 1 курс студенті, Алматы қаласы:

– Бұл оқу орнына мен “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша оқуға түстім. Грант иегерімін. Жобаның барлық шарттарын орындай келе, Алматыдан осы жаққа келдім. Қуаныштымын. Бұл менің үлкен жетістігім. Және ата-анама көмегім де тиді.

Ал Талант Толғанбай “Серпін-2050” бағдарламасының алғашқы лек қатысушысы. СҚМУ-не ол өткен жылдың күзінде түскен. Жаңа орынға тез үйренген студент, биыл Петропавлға тіпті уақытынан ертерек келіпті. Бірақ Талант ЖОО орнын тәмәмдаған соң туған жерге қайта оралуды мақсат етіп отыр.

Талант Толғанбай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 2 курс студенті, Жамбыл облысы:

– Университетті бітіріп, осында магистратураға түссем деймін. Өз мамандығым бойынша туған жерімде жұмыс істегім келеді. Бірақта маған бұл жақ қатты ұнады. Университет, мұғалімдер, адамдары өте мейірімді екен.

Әлеуметтік маңызы бар бұл жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асуда. Енді аталмыш университетте еліміздің өзге аймақтарынан келген 450-ге тарта студент оқиды.

Айнагүл Мұхамеджанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқу ісі жөніндегі проректоры:

– Бұл гранттың иегерлері негізінен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облысының студенттері. Жалпы 300 грант екі бағытта тағайындалды. Бұл педагогикалық бағытта. Оның ішінде 12 мамандық бойынша. Және де 150 грант техникалық бағытқа бөлінді. Оның ішінде 6 мамандық бар.

Бүгінде бұл – ЖОО-нда барлығы 4000-ға жуық студент білім алуда. Оның 1175-і биыл түскендер. Ал тегін оқу құқын тек 424-і иеленген. Аталмыш бағдарламаға еліміздің тек 5 өңірінің түлектері қатыса алады. Олар Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облыстары.

 

Айгерим Ержанова