Өнеркәсіп

СҚО “TEMA SUPPLIER” ЖШС-нің өнімі “Қазақстанның үздік тауары” атануға үмітті

Александр Куликов, “TEMA SUPPLIER” ЖШС темір ұстасы, Қызылжар ауданы:

– Осы күні біз 4 түрлі өнім шығарамыз. Қатты қалдықтар мен малдың өлексесін жоюға арналған инсинератор пеші, катушка мен салмағы 4,5 және 6 тонналық жүкті тасуға арналған тіркемелер бар. Ресор, дөңгелектің резеңкесі мен дискісін, айналдыратын шеңберді Белорусь пен Ресейден жеткіземіз. Сонымен қатар, қос доңғалақ білігін, оның шетмойынын өзіміз цехта жасаймыз. Бүгінде тежегіштің құрылымын меңгеріп алдық. Оны болашақта өзіміз құрастыратын боламыз.

Алда өнімге сұраныс артып, тауар өтімді болып жатса, кәсіпорындағылар импорттық саймандардың үлесін азайтып, тіркемеге қажетті біраз бөлшектерді өздері шығармақшы. Және келешекте 12 тонналық жүкке шақталған тіркемені еуропалық стандартқа сәйкестендіреді.

Василий Брацун, “TEMA SUPPLIER” ЖШС бас инженері, Қызылжар ауданы:

– Бүгінде компаниядағы қондырғылар паркін жаңарту қажет. Оған әзірге шамамыз жетпейді. Алда ел тұрғындарынан тауарымызға сұраныс артса екен дейміз. Сәйкесінше, өнім көлемі ұлғайып, білдектер мен жұмысшылардың санын көбейтуге мүмкіндік туар еді. Болашаққа жоспарымыз ауқымды. Тіркемелерге қосымша өрт сөндіру бөшкелері мен мұнайшылар мен малшыларға арналған жылжымалы бутка жасаймыз.

Жыл он екі ай 3 өндірістік цехта 8 адам жұмыс істейді.

Виталий Родионов, “TEMA SUPPLIER” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Бүгінде өнеркәсіптің жүктемесі аз. Болашақта ауыл шаруашылығымен айналысатын қазақстандық компаниялармен ұзақмерзімді келісім шарт жасағымыз келеді. Бұл тұрақты клиенттер мен тапсырыстың болуына кепілдік береді.

Мұнымен қоса серіктестік 2013 жылдан стационарлық және мобилді деп аталатын инсинератордың 2 түрін құрастырады. Қатты қалдықтар мен малдың өлексесін жоюға арналған қондырғылардың іші кірпіш пен бетоннан қаланады екен. Кәсіпорындағылар оған да биыл сұраныс аз дейді.

Василий Брацун, “TEMA SUPPLIER” ЖШС бас инженері:

– Өткен жылы мың келілік қалдықты өртеуге арналған пешті 1 млн 50 мың теңгеге саттық. Жалпы былтыр 6 инсинераторды еліміздің әр өңіріне жеткіздік. Оның 3-еуі – мобилді, тең жартысы стационарлық. Биыл әлі біреуін де өткізген жоқпыз. Біз сыйымдылығы мен қуаттылығы сан түрлі модельдегі инсинераторларды шығара аламыз. Ол тапсырыс берушінің қалауына байланысты

“TEMA SUPPLIER” кәсіпорнының өнімі тұрғындар арасында әлі танымал бола қойған жоқ. Сондықтан, олар тауарларын жарнамалау мақсатында биыл интернет желісінде жеке сайттарын (kazagromash.kz) ашыпты.

Берик Касен