Білім

“Білім күні” мерекесінде СҚО-сы орталығында Назарбаев зияткерлік мектебінде алғашқы қоңырау соғылды

Жаңа оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектебінің табалдырығын 459 жасөспірім аттағалы жатыр. Олар осы мекемеде білім алуға ниет танытқан 2000 солтүстікқазақстандық үміткердің ішінен іріктеліп алынды. Жиында алғашқылардың бірі болып көпшілікті айтулы датамен облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

– Асан қайғы, М. Жұмабаев бабамыз аңсап кеткен “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман” осы деп білемін. Біз Назарбаев зияткерлік мектебінің өңірімізде ең үздік мектептің болатынына сенімдіміз. Құрметті оқушылар ұстаздарыңның, ата-аналарыңның, елдің сенімін ақтайсыздар деген үміттемін.

Өңір оқушылары элиталы білім ошағына қабылданбас бұрын қатаң іріктеуден өтіп, араларынан дарынды дегендері іріктеліп алынды. Болашақта ел дамуынының қайнар бастауында осы жастар тұратын болады. Осы орайда ұстаздардың мойнына артылған жүк ауыр. Мұғалімдер келер ұрпақтың бойында ұлттық идеология мен сана-сезімді, шығармашылық, толерантылық қасиеттерін сіңіре білуі тиіс. Ағарту саласының мамандары аталған миссияны ойдағыдай атқарып шығатындықтарына сенімді. Салтанатты жиында 130 педагогқа Назарбаев зияткерлік мектебінің белгісі бар орамал тартылды. Олар енді бір шаңырақтың астында Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, АҚШ-тан келген 8 тәжірибелі маманмен етене жұмыс жасайтын болды.

Brady Tanner, Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

– Мен Америка құрама штатынан келдім. Мен мұнда оқушыларға ағылшын тілін үйретемін. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқушылар терең білім алсын деп жылда білім саласына қыруар қаражат бөледі. Бұл Қазақ елінің жарқын болашағына салынып жатқан инвестиция деп білемін. Маған Елбасының бұл идеясы ұнайды және мен үшін НЗМ-де жұмыс істеу үлкен мәртебе.

Бұл күні білім беру мекемесіне қабылданған оқушыларға Назарбаев зияткерлік мектебінің эмблемасы бар төсбелгілер үлестірілді. Ондағы жас өскін жастық шақтың, гүлденудің және шығармашылықтың символы екен. Мағыналы таңбаға 11-сыныптың оқушысы Қыз-Жібек Искакова да ие болды. Оқушы болашағын медицина саласымен байланыстырғысы келеді. Сондықтан ол химия-биология бағытындағы мектепті таңдапты.

Қыз-Жібек Искакова, Назарбаев зияткерлік мектебінің студенті:

– Мен мұнда 12 жылдық білім аламын. Содан соң маған халықаралық үлгідегі аттестат табысталады. Аталмыш құжаттың арқасында мен Әлемнің кез келген Жоғары оқу орынын таңдай аламын. Менің ойымша, бұл болашағына үлкен сеніммен қарайтын әр оқушының армына болуы керек.

Міне, көптен күткен алғашқы қоңыраудың үні естілетін сәт жетті.

Бұдан соң ата-аналар мен қонақтар студенттер мен оқытушылардың бірлесіп әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалады. Осы жерде “Арманыңа сен” атты алғашқы мектеп акциясы өтті. Онда жасөспірімдер іштерінен тілек тілеп, аспанға шар жіберді.

Артынша, жиналғандарға мектеп ішінде экскурсия өткізілді. Мұнда соңғы үлгідегі сандық техника, жиһаздармен жабдықталған кең әрі жарық 62 оқу кабинеті бар.
Әрбіреуінде биология, робототехника, техникалық моделдеу үйірмелері жұмыс істейтін болады. Жалпы “Білім күні” мерекесінде еліміздің әр аймағында 20 Назарбаев зияткерлік мектебі жаңа оқу жылына есігін айқара ашты.

Берик Касен