Аптадағы маңызды жаңалықтар

Буденное ауылында жаңа мектеп ашылды

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– Құрметті оқушылар. Қымбатты ұстаздар мен ата-аналар. Бүгін сіздер үшін, әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндер үшін зор қуаныш. Баршаңызды осы қуанышты мереке-Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүкіл әлемге танылған Қазақстанның жастары білімді, жан-жақты дамыған, өз елінің патриоты болуы керек. Мектеп оқушыларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Құттықтау сөзден кейін салтанатты шараға жиналған оқушылар жұртшылыққа өз өнерін көрсетті. Жаңа мектептің ашылғанына ең алдымен қуанған жандар да осылар. Балалар бұрынғы ескі ғимаратты оқу ыңғайсыз әрі тар болатын дейді.

Ақмарал Серікбай- Буденное орта мектебінің 9 сынып оқушысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Спорт зал болмайтын. Далада кортта спортпен айналысатынбыз. Кейде суық, жаңбыр болғанда сабақтар болмай қалатын. Енді жаңа мектепте спорт зал бар сыныптар да үлкен. Ол бізге жаңа дем беретін сияқты. Жақсы оқып өз мектебімізге сай болғымыз келеді.

Рақымжановтар отбасында да бүгін үлкен қуаныш. Айлин есімді қыздары биыл мектеп табылдырығын алғаш рет аттап отыр. Жаңа оқу ордасына барғалы жатқан балғынның ата-анасы баласының жылы, әдемі, жаңа оқу ордасына білім алатынына қуанышты.

Қарлығаш Рақымжанова-ата-ана:

 

– Бірінші сыныпқа екінші қызым бара жатыр. Өте үлкен мереке.Осы мектеп балаларға жақсы білім береді деп ойлаймын.Өте қуаныштымыз.

90 балаға шақталған мектепте 75 бала білім алатын болады. Тағы оқу ордасы жанындағы шағын орталықта 15 бүлдіршін тәрбиемен қамтылмақ. Қолданысқа енді берілген білім ордасына аймақ басшысы шағын автобусты сыйға тартты. Мектеп табалдырығын енді аттап жатқан балғындарға да облыс әкімі кітап пен сөмке табыстады. Бұдан кейін облыс әкімі оқушыларымен бірігіп, мектеп алаңына көшеттер отырғызып, жаңа білім ошағының таспасын қиды.

Кейін өңір жетекшісі мектептің ішін аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты. Мұндағы сыныптар соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталыпты. Кең спорт зал және үлкен кітапхана бар. Шағын орталықта тәрбие алатын балғындарға да барлық жағдайлар жасалған. Айта кету керек, биыл мектепте тағы қазақ сыныптары ашылып отыр. Бұл 500-ден астам үй түтін түтетіп отырған Буденное ауылының тұрғындары үшін жақсы жаңалық болып отыр. Жалпы аудан бойынша 48 білім ошағы болса, оларда 5690 оқушы білім алады.

Магжан Ахмадина