Қоғам

Тамыздың 30-ы облысымыздағы этномәдени бірлестіктер мен қолөнер шеберлері “Салт дәстүр” фестиваліне қатысты

Елді-мекен тұрғындары өнерден кенде емес, олар сахнаға шығып өнерпаздармен қатарласа ән салды, күмбірлетіп күй шертті. Өзге этностар болса, қазақ халқының дана, қонақжай, батыр халық екендігін ән-жырына қосты.

Өңір аудандарынан жиналған этномәдени бірлестіктер сахнада 2 номинация бойынша шығармашылық сынға түсті. Өнері басым болған ұжымдар мадақтау мен марапатқа ие болды. “Күмбірле домбыра, ойна гармонь” номинациясында басты жүлде теледидарды Қызылжар ауданы әкетті. 2-орын Есіл ауданына тиесілі. Оларға тоңазытқыш берілді. Сондай-ақ, осынау мерекеде “Халық көркемөнер кәсібі” көрме-байқауы өткізілді. Бұл сында 1-орынға Ақжар ауданы лайық деп танылып, оларға теледидарды сатып алуға арналған сертификат табысталды. Айта кетейік, бұл фестивалдің өтуіне СҚО ішкі саясат басқармасы мен “Ұлт тағдыры – Қызылжар” ҚБ ұйытқы болды.

Әлібек Батиқан, Ақжар аудандық мәдениет үйінің қызметкері:

– Еліміздің байрағы биіктен желбіресін. Ұлттық құндылықтарымыз жандана түссін. Барлық этностарға тыныштық пен татулық тілеймін.

Ал 2 номинацияда үздік үштікті тұйықтаған ұжымдарға қысқа тоқынды пештер, қалған бірлестіктерге ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар үлестірілді.

Жандос Мәдиғажұлы ұлттық құндылықтарды жастарға насихаттауда алдына жан салмайды. Шебер саналы ғұмырын көненің көзі: қыл қобыз, адырна, жетіген, домбыраны жасауға арнап жүр. Ол бір аспапты 3-4 жыл көлемінде жасап шығарды екен. Қазір Жандос Мәдиғажұлы 5-ші ғасырда қолданылған “Ата қобыз” аспабын ағаштан ойып жатыр.

Жандос Мәдиғажұлы, қолөнер шебері, Ақжар ауданы:

– Елбасымыздың, еліміздің алған бағыты дұрыс деп есептеймін. Біз қазақстан халқы бірлігімізді одан әрі нығайтып, болашақта әлем сахнасында лайықты орын алатын болайық. Мен соған тілектестік білдіремін.

Мұнымен қоса көрмеде қазақ хандығы тұсында 3 жүздің басын біріктіріп, дала заңы мен жарғыларды шығарған сұлтандар, абыз билер мен жыраулардың портреттері жайғастырылған. Одан бөлек қазақ поэзиясының бастауында тұрған Абай, егемендікті аңсаған Мағжан, Ақан сері, қазақтың батыр ұландары Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Т.Бигелдиновтердің суреттері бар. Бұл көрме кейінгі толқын ата бабасын танып, біліп жүрсін деген ниетпен жасалған.

Мирас Қатау- оқушы:

– Біздің елімізде тұратын адамдар жыл санап сауатты болып келе жатыр. Елбасымыздың арқасында және Ата заңымызда көрсетілгендей, барлық балалар 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін тегін, сапалы білім алуда.

Ерғали Сәткенов, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі:

– Келер ұрпақтың бойына ұлтжандылық, бірлік, толерантылық деген қасиеттерді сіңіре білу қажет. Олар болашақта полимәдениетті, саналы тұлға болып қалптасуы керек. Бұл әрине ұстаздар мен педагогтарға артылар міндет.

Елдігіміз бен өрлігіміздің мерейлі мерекесі- ҚР-сы Конституциясы күнімен барша жұртты өзге ұлттың өкілдері де құттықтады.

Виктория Говорухина, “Жас қанат” БЖ клубының педагог-ұйымдастырушысы:

– Құрметті петропавлдықтар және қала қонақтары, сіздерді ҚР-сының Конституциясы күнімен құттықтай отыра, сіздерге ашық аспан, мол бақыт, еңбекте табыс тілеймін.

Ильдар Сисанбаев, “Дуслық” татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының мүшесі:

– Барлықтарыңызды осынау жарқын мерекемен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыздың іргесі берік, әр отбасында татулық, береке болсын!

Осынау жарқын күнде қаланың әр бұрышынан мерекенің лебі сезіліп тұрды. Бұл күні әркім түрлі сайыстарда өз ермегін таба алды. Мысалы, Мәдениет және демалыс саябағында қазақша күрестен турнир өтуде.

Мерекеде боз кілемде жиыны 30-ға тарта палуан 60, 70 және 70 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша белдесті. Қазақша күрестен аудандар басты жүлде – қала әкімінің сыйлығын сарапқа салды. Сондай-ақ, жекелей сында белдескен үздік үштікке 50,30,20 мың теңгенің ақшалай сертификаттары табысталды.

Ерхан Шайпин, палуан, Жамбыл ауданы:

– Қазақша күреспен бала кезімнен бері айналысыпжүрмін. Сондықтан мен барлықтарыңызды қазақша күреспен айналысуға шақырамын. Бұл ұлттық спорт түрі бойда қайратты шыңдап, денеге күш бітіреді.

Жақын маңда балғындардың күлкісі естіледі. Жазғы алаңда баларлар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы жанұялар мен кішкентай тұрғындарға түрлі ойындар мен конкурстар өткізуде. Осы маңнан шет елдерден келген меймандарды кездестіріп, сұхбатқа тарттық. Валентина Пальчикова Ресейдің Воронеж қаласынан туыстарына келіпті.

Валентина Пальчикова, мейман, Ресей азаматы:

– Елдеріңізге, ҚР Президенті Н.Назарбаевқа бар жақсылықты тілеймін. Ел экономикасы, халықтың әл-ауқаты жақсара берсін. Шынымен, сіздердің елдеріңізде бәрі тату-тәтті тұрады екен. Таң қалысымды жасырмаймын. Бұрын соңды мұндай мерекені көрмедім. Бәрі мәре-сәре.

Ал Абай мен Пушкин ескерткіші жанында 30-ға жуық адам хип-хоп, зумба стилінде және латын, шығыс биін орындады.

Берик Касен