Қоғам

Жерлесіміз өңір намысын республикалық байқауда қорғайды

Ақжан Кәрім – “АРДОС – Жүрек” мүгедектер бірлестігі” ЗТБ төрағасы:

– Қазір мүмкіндігі шектеулі жандар көшедегі адамдардан ұялып серуендеуге шықпайды, тіпті сөйлесуге де ұялады. Сондықтан менің конкурсқа әзірлеген “Ашық әлем” атты жобам олардың өміріндегі қиындықтарға арналған. Мен өзім сияқты жарымжан адамдардың қоғамдағы жағдайын жақсы түсінгендіктен, барынша тартымды қылып орындауға тырыстым. Авторлық идеямда мүгедектермен бірге өткен басқосулар, табиғат аясындағы кездесулер бар. Осы арқылы денсаулығы нашар адамдарды қоғамға бейімдегім келді.

Қазір, Ақжан қаламыздағы АРДОС – Жүрек” мүгедектер бірлестігіне басқарып отыр. 2013 жылы құрылған ұйымда 8 адам қызмет етеді. Олар биылғы жылы облысымыздың 13 ауданында болып, семинар-тренингтарын өткізген. Осы арқылы ұйым мүшелері мүгедектерге олардың қоғамда алар орындарын жеткізбек. Осындай жиындардың өтуіне бірлестік өкілдеріне қала мектептерінің оқушылары мен студенттер қол ұштарын беріп тұрады екен.

Сәлімхан Сәбитов – АРДОС – Жүрек” мүгедектер бірлестігі” ЗТБ төрағасының орынбасары:

– Біз ұйымдастыратын отырыстарға, спорттық ойындарға студенттер, оқушылар көмектеседі. Сол үшін оларға зор алғысымызды білдіреміз. Тіпті солардың арқасында Ақжан Кәрім өз жобасымен облыс жеңімпазы атанды десем де болады. Арамызда осындай жанашыр жандар болғандығы көңіл қуантады.

Енді, жерлесіміз қазан айында өңіріміздің намысын республикалық “Қазақстанда іске асырылатын үздік әлеуметтік жобалар” байқауында қорғайтын болады.

Култанов Байболат