МТРА жаңалықтары

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров М.Жұмабаев ауданының округ әкімдерімен кездесті

Өңір басшысының бірінші орынбасары қатысқан аудан активінде бюджеттің кірісін толтырып, шығыс бөлігін орындау барысы сөз болды. Айдарбек Сапаров селолық округтердің әкімдері мен фискалды орган қызметін сынға алды.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Жұмыс баяу жүріп жатыр, жалақы аз, мүлікті қайта бағалау тиісті деңгейде жүргізілмейді, комиссия дұрыс жұмыс істемейді, сараптаманы ешкім жасап жатқан жоқ.

Жиында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, жалақыны көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу жайы сөз болды. Айталық, «Авангард СКО» серіктестігінің егін алқабында өткен кездесуде шаруашылық жетекшісі жұмысшылардың орташа жалақысы 70 мың теңгені құрайтындығын айтқан. Бірақ салық декларациясында 54 мың теңге етіп көрсеткен. Ал шаруашылықта жұмыс істеп жүрген механизатор болса, комбайнда жалғыз істеп жүрсем де ай сайынғы еңбекақым 40 мың теңгеден артық болып көрген емес дейді.

Айдарбек Сапаров мал басын көбейтуде мемлекеттік бағдарламаларға жүгіну қажеттігін айтты. Оларды елді мекендіктер біле бермейді. Ауыл әкімдері осы бағытта жұмыс жасаулары қажет деді.

Айдарбек Сапаров жұмыс сапары барысында бірқатар шаруашылықтардың егіс алқаптарында болды.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары :

– Облыс бойынша, 173 мың гектар жердің егіні орылды. 51мың гектары бастырылды. Өнімділігі 13,2 центтерді құрайды. Басты мақсат ысырапсыз барлығын жинап алу.Ол үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау да бар. Жанар-жағар май да жеткілікті. Қазір диқандар сұйық отынмен 93 пайызға қамтамасыз етілген. Өңірде 4 мың шаруашылық бар болса, олардың 70 пайызы орақ науқанына кірісіп кетті.

Ауданның егістік алқаптарын аралап көрген Айдарбек Сапаров жыртылған жерлерді ұтымды пайдалану мәселесіне көңіл бөлді. Мақсатты пайдаланылмаған жер телімдері заңнамаға сай мемлекетке қайтарылады.