МТРА жаңалықтары

Ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарға мерекелік медальдар табысталды

ҚР-сы Конституциясы күнін мерекелеуге қала тұрғындары, жастар мен ұстаздар, облысымыздың құрметті азаматары мен түрлі кәсіпорын ұжымдары жиналды. Бәрі өз елін, жерін мақтан етеді. Жүректері менің отаным тәуелсіз Қазақ елі деп соғады. Салтанатты қарауыл мерекелік шараға қатысушылардың алдынан еліміздің көк туын алып өтіп сахна төріне шығарғаннан кейін ҚР-ның Гимні ойналды.

Қолданыстағы Конституция бағзы замандағы Қасым ханның қасқа жол, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің 7 жарғысы сынды дала заңдары ережелерінен бастау алады. Ата заңымыздың толық нұсқасы 1995 жылдың 30-тамызында қабылданды. Сондықтан, бұл күн ел тарихында елеулі дата ретінде мәңгі сақталып қалмақ. Осы тұста, Конституцияны құрметтеу – әр азаматтың міндеті деп атап өтті салтанатты жиынды ашқан өңір басшысы.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазақстан халқы бірлікті арқасында орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Әлем елдері алдында мерейіміз артып, абыройымыз асқақтады. Құқықтық мемлекет орнатып, өркениетті елдермен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі реформаларды жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу – Ата Заңымыздың аясында атқарылған басты жетістіктер.

Артынша өңір жетекшісі еліне қалтықсыз қызмет етіп жүрген бір топ азаматты сахна төріне шақырып, Елбасы атынан “Қазақстан Конституциясына 20 жыл” мерейтойлық медалімен наградтады. Дені ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері. Қошеметке бөленгендердің қатарында “Ақселеу” ЖШС директоры Серік Малаев та бар.

Серік Малаев, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:


– Бүгінде кәсіпкерлердің де құқықтары жақсы қорғалады. Соның арқасында ісіміз өрге басып, кедергісіз ел игілігі жолында еңбек етудеміз.

Салтанатты шарада егін, мал шаруашылығын қатар алып жүргендер, ет, сүт өнімдерін өңдеуші компаниялардың басшылары мен қызметкерлерінің еңбегі еленді. Қатардағы қарапайым механизатор, сауыншы сынды мамандардың да еңбегі еленді. Одан кейін кезек-кезегімен сахнаға денсаулық сақтау, құқық қорғау, білім беру, БАҚ салаларының жілігін шағып, майын ішкендер көтерілді.
Осынау жайсаң мерекеде ұлтаралық татулықтың сақталуына себепші болып жүрген қоғамдық ұйым өкілдері де лайықты мадақтауға ие болды. Елімізді әлемге танытып жүрген белді спортшылар да осында. Кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Маргарита Мұқашеваның еңбегі еленді.

Маргарита Мұқашева, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Елбасымыз, жергілікті билік менің спортқа қосқан үлесімді ескеріп жатқандарына қуанамын. Еліміздің көк байрағы әлем ареналарында желбірей берсін.

Жалпы бұл күні “Қазақстан Конституциясына 20 жыл” мерекелік медалімен ұзын саны 49 солтүстікқазақстандық наградтады. Тағы 20 азамат өңіріміздің әлеуметтік -экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін өңір жетекшісінің алғыс хатымен марапатталды.
Ел іші өнер кеніші. Көреремен қазақ халқының өне бойы рухқа толы жырлары мен термесін отандық және шетелдік компазиторлардың классикалық шығармаларын тапжылмастан тыңдады.

Берик Касен