Қоғам

Петропавлда жылыту маусымына дайындық жүруде

Бұл – Ыбырай Алтынсарин көшесіндегі 194 үй. Бес қабатты баспанада 8 подъезд, 119 пәтер бар. Ғимараттың тұрғызылғанына 40 жылға жуық уақыт болыпты. Тұрғын үй қазір қысқа толықтай дайын. Шатыры жөндеуден өтіп, подъездердің есік-терезесі боялған. Жуып-шаю жұмыстары да жасалған. Осынша ауқымды істі “Автомобилист 2” Тұрғын үй құрылыс коорпоративі атқарыпты.

Анатолий Романенко – “Автомобилист 2” ТҚК төрағасы:

-Үйдің жылыту маусымына дайындығын дәлейтейтін төлқұжатты шілденің ортасында алдық. Қыс айларында суық болмау үшін барлық жұмыстарды істедік. Биыл тұрғындардан жуып-шаюға артық ақша жинаған жоқпыз. Барлығы былтырдан қалған қаражатқа жасалды. Енді сарышұнақ аяздарда пәтерлер жылы болады деп сенемін.

“Қыстың қамын жаз ойла” демекші үйдің жертөлесінде де қыруар іс атқарылған. Жылу құбырлары сырланған, есептеуіш құрылғы жұмыс істеп тұр. Жалпы мұнда 4 жылу тарататын монометр бар. Үй иелері осы жөндеу жұмыстарына жауапты тұрғын үй құрылыс кооперативіне бір шаршы метр үшін 17 теңге төлейді.

Пелагея Кужелева – Ыбырай Алтынсарин көшесіндегі 194 үйінің тұрғыны:

-Осы үйде 2005 жылдан бері тұрамын. Сол уақыттың ішінде суға, жылуға, жарыққа қатысты ешқандай мәселе туындаған емес. Қыс айларында пәтерімізде отырып тоңған кезіміз болған жоқ. Тіпті кей-кездері үйдегі ыстықтан терезе желдеткішін ашамыз. Бізде барлығы жақсы.

Қазіргі уақытта Петропавлда 380 үй қысқа дайындығы туралы төлқұжат алған. 430 тұрғын үйге жуып-шаю жұмыстары жасалыпты. 600 баспана кезегін күтуде.

 

 

Култанов Байболат