Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Қазақстанның үздік тауары – 2015” өңірлік көрме-байқауы өтті

-Байқаудың тұрақты қатысушысы ол “Қызылжар пасека” ЖШС. Олар көрмеге биыл ғана жиналған өнімін жайғастырыпты. Бүгін оның тек дәмін татып қана қоймай, сатып алуға да болады.

Аталмыш кәсіпорын биыл 10 тоннаға жуық бал жинапты. Енді тауарды Дубайға экспорттауды жоспарлап отыр. Өңірлік көрме-байқауында жеңіске ниетті кәсіпорындардың бірі ол – “TEMA SUPPLIER” ЖШС. Олар бұл конкурсқа алғаш рет қатысып отыр екен. Компания трактор тіркемелері, медициналық және өрт қауіпсіздігі құрылғыларын жасайды.

Виталий Родионов – “Tema Supplier” ЖШС коммерциялық директоры:

-Сондай-ақ біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып инсинераторлық пештерді шығарудамыз. Оның арқасында айналаны қоқыстамай, түрлі медициналық және ауыл шаруашылығы қалдықтарын өртеуге болады. Біз бұл байқауға тұрақты қатысушалардан тәжірибе алмасу, сонымен қатар жеңіске жету үшін қатысып отырмыз.

Жыл сайын өтетін байқау биыл алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылуда. Жалпы конкурсқа қатысуға 50-ге жуық өтініш келіп түскен екен. Оның тек 33-і ғана бүгін өз өнімін таныстыруға мүмкіндік алып отыр.

Марат Искаков – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

-Биылғы байқауда жаңа тауарлар көрмеге қойылды. Онда резеңкенің үгіндісінен жасалған жабынды, балық өнімі мен осы жылы Қазақстанда алғаш рет игерілген био отынның бір түрі – пиллет жайғастырылды. Конкурстың жаңашылдығына тоқталатын болсақ, онда әділ қазылар алқасының құрамы өзгерді.

Солтүстік Қазақстанда жыл сайын түрлі тауар шығарып, өз ісін өрге домалатып жатқан кәсіпкерлердің саны артуда. Дегенменде саннан көрі сапаға мән берген жөн. Бүгінде бізде жасалған өнім шет елдерге экспортталуы тиіс. Шараға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл байқаудың жергілікті кәсіпкерлердің ісіне жаңа серпіліс беретіндігін атап, экспорттайтын өнімнің сапалы болу керектігін тілге тиек етті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ пен дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы бізден бәсекелестікті талап етеді. Біз жаңа талаптарда жұмыс жасауға дайын болып, сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті тауарды шығаруға қауқарлы болу керекпіз. Кәсіпкерлер үшін мемлекет қолдау көрсетіп, барлық жағдайды жасауда. Жыл сайын байқауға қатысушылардың саны артуда. Ол әрине қуантарлық жағдай. Барлық конкурсанттарға сәттілік тілеймін! Тауарларыңыз бәсекеге қабілетті, кәсіптеріңіз табысты болсын.

Кейін Ерік Сұлтанов көрмені аралап, өңірімізде өнідірілетін тауарлармен жіті танысты. Шал ақын ауданының “Сүт өнімдері” ЖШС құрғақ сүт пен май өндіреді. Өңір басшысы кәсіпорынның өз тауарларын қандай бағамен саудалайтынын сұрап білді.

Елде ғана емес әлемдік нарықта сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті тауарды өндіру оңай емес. Бұған “Петропавл арақ зауыты БН” ЖШС мысал бола алады. Кәсіпорын өз өнімінің 5 пайызын Түркияға экспорттайды екен. Уақытша тұралап қалған зауыт бүгінде өндірісті қайта жандандырып, қуаттылығын арттыруда.

Тахир Гусейнов – “Петропавл арақ зауыты БН” ЖШС директоры:

-Тауардың сапалы болуы ол басты талап. Ол үшін кәсіпорында енді 300 адам еңбектенетін болады. Тағы айта кететін жағдай, ол салық 100 пайыз жергілікті бюджетке аударылады. Өндірістің қуаттылығына байланысты ол жылына 3 млрд. теңгеге жуық аударымдар. Биыл жарты млрд акцизді салықты төлеу жоспарымызда бар.

Айта кету қажет, байқаудың эксперттік комиссиясы өнімдерді мұқият байқап, үш номинация бойынша жеңімпазды анықтайды. Конкурстың жеңімпаздары Астана қаласында өтетін “Қазақстанның үздік тауары” республикалық байқауында өңір намысын қорғайтын болады. Оның нәтижесі 26-шы тамыз белгілі болады.

 

 

Риат Шони