Білім

Солтүстікқазақстандық оқушылар мектеп жабдықтарымен толық қамтылады

Вероника Якубовская, бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің оқушысы:

-“Мектепке жол” акциясы аясында мектептен маған және ініме оқу құралдары берілді. Мұндай көмек бізге жылда көрсетіледі. Мен мектепішілік, қалалық пәнаралық олимпиадаларға жиі қатысып тұрамын. Мектеп құрамасында баскетбол ойнаймын. Ұстаздарым мен анамның айтқан сөзін екі етпей орындап, үлгілі оқушылардың қатарынан көрінуге трысамын.

Жаңа оқу жылында бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің партасына 750 оқушы отырады. Оның 23-і әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленуде.

Елена Коноплева, бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейінің директоры:

-Әр ата-ана, әр оқушы мемлекет, қоғам қамқорлығын сезінуі тиіс. Біздің мектепте әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 23 бала оқиды. Оларға 140 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. Барлығы жазғы лагерлерде тегін демалып келді. Бүгінде қайырымдылық шарасына кәсіпкерлердің де белсенді қатысып жатқаны қуантады. Биыл бір жеке кәсіпкер 2 оқушымызға киім-кешек сатып әперді.

Кәсіпкерлер демекші, соңғы жылдары “Мектепке жол” акциясына қатысушы қалталы, жомарт азаматтардың қатары артып келеді. Сондай-ақ, игі іске түрлі мекемелер де белсенді қатысуда.
СҚО-ның іскер әйелдер қауымдастығы ел, облыс көлеміндегі өткізілетін қайырымдылық акцияларынан ешқашан тыс қалған емес. Аталмыш ұйым мүшелері жылда көппен бірге “Мектепке жол” акциясын қолдап, оның аясында тұрмыс жағдайы нашар жанұяларға балаларын мектепке даярлауға ат салысады. Бұл жолы бизнесвумендер игі шара аясында қайырымдылық концертін ұйымдастырды.

Ауқымды акцияның шарапатын әсіресе жалғызбасты және көпбалалы аналар сезінуде. Наталья Велижанская бүгінде жалғыз өзі 7 баланы тәрбиелеп отыр. Оның 5-еуі оқушы. Нәзік жанды елдің бүгінгі жасап жатқан жақсылығының қарымы ретінде балаларымды болашақта ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге тырысамын дейді.

Наталья Велижанская, көпбалалы анна:

-Іскер әйелдер қауымдастығы бізді ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Менің балаларыма 4 жыл бойы қол ұшын беріп келеді. Бүгін үйдегі 3 оқушы балама аяқ киім берді. Оның өзі маған айтарлықтай көмек.

Мектеп жасындағы балғындардың барлығы орта біліммен қамтылуы тиіс.
Іскер әйелдер қауымдастығы қорынан 150 мың тг. бөлінді. Ол қаражатқа 20 оқушыға аяқ киім сатып алынды.

Бақытжан Сәбиева, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

-20 баланың аяқ киіміне ақша жинап қойдық. Осы қайырымдылық концерті мен жәрмеңкесінен түскен ақшаны да солардың қажетіне жаратамыз.

Бүгінгі оқушы – ертең елдің келешегі. Қайырымдылық концер аясында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Игі істен түскен қаражат тұрмыс жағдайы төмен жанұялардың мұқтаждықтарына жұмсалады.

 

 

Берик Касен