Спорт

“Бейбітшілік алауы” эстафетасы Петропавлда

Александр Арнст – “Бейбітшілік алауы” эстафетасының РФ бойынша үйлестірушісі:

-Алаулы эстафетаны 1987 жылы Шинмой деген кісі ойлап тапқан. Ол осындай жеңіл әдіспен бейбітшілікті қалаған адамдарды біріктіргісі келген. Кез-келген алауды қолына алғанда оған бұл шырақты 5 мың адам ұстаған, сен де соларға қосыл дейсің. Олардың көздерінде от жанады.

Ұйымдастырушылар осы жылғы эстафетаны Жеңістің 70 жылдығына арнап отыр. Сол себепті де шараға қатысушылар Петропавлға арнайы келіп, Жеңіс стелласына отты жылдары қан кешкен жандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Марафоншыларды қарсы алған СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин өңірімізде жыл сайын салауатты өмір салтын ұстанатындардың саны артып келе жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар спорттық алаңдар мен ғимараттардың да ашылуын тілге тиек етті. Айта кету қажет, “Бейбітшілік алауы” эстафетасы Қазақстанда 1993 жылдан бастап дәстүрлі түрде өтеді. Оған отандастарымыз белсенді қатысады екен.

Дәурен Оспанов – “Бейбітшілік алауы” эстафетасының ҚР бойынша үйлестірушісі:

-Қазақстанда спорттың дамуын мықты қолдайды. Жүгіру – ол бұқаралық спорт. Бастапқы 2 күн қиын, кейін ағза бейімделіп жеңілдей түседі. Бүгін біз 140 шақырым жерді жүгірдік, біз қашықтықтарды әр кісіге бөлеміз. Әрбірі 3-5 шақырымнан жүгіреді.

Жалпы марафоншылар 32 күннің ішінде 3,5 мың шақырым жерді жүгіріп өтулері қажет. Құрама сапында 9 адам. Онда ресейліктермен қатар біздің жерлестерімізде бар. Сергей Мартемьянов салауатты өмірді ұстанғанды жөн көреді. Ол күніне 12 шақырым жерді жүгіріп өтеді. Сол себепті де эстафетадан шет қалған жоқ.

Сергей Мартемьянов:

-5 шақырымнан 3 бөлікті жүгірдік. Бұндай эстафетаға алғаш рет қатысып отырмын. Жүгіру денсаулық пен сұлулықты береді. Мен барлығына әрдайым спорттық киім мен кросовки киіп ерінбей жүгіруге барыңдар деймін.

Кездесу соңында марафоншылар Петропавлда естелікке суретке түсті. Олар енді жексенбі таңертең Қорған қаласына аттанады.

 

 

Риат Шони