Қоғам

Петропавлда “Тату отбасы” сайысы өтті

Шараға тыңғылықты дайындалғандардың қатарында Хайбулиндер отбасысы да бар. Олар татар халқының ұлттық киімін киіп, тіпті ас-дәмдерін де ортаға ала шықты. Мұндай тартуды өзіміздің ұлттық дәстүрімізге сүйене отырып жасадық дейді, жанұяның отанасы Людмила Хайбулина.

Людмила Хайбулина – сайысқа қатысушы:

-Мерекелік «Тату отбасы» сайысына шақырту түскенде бірден қатысуға бел будық. Соған байланысты қызу дайындық жұмыстарын жасадық. Салтымызда айтылғандай ортаға нан, су және отты өзімізбен бірге ала шықтық. Мұндағы біздің айтпағымыз нан байлықты, су тазалық пен мөлдірлікті білдіреді. Ал, от болса әрдайым жылулықты нұсқайды. Дайындаған бағдарламамызбен жеңімпаз атанамыз деп ойлаймын.

Сайыс қатысушылары бағдарламада көрсетілген 3 тапсырманы орындау қажет. Онда алғашқы кезеңде өздерін таныстырса, екінішісі үй тапсырмасы. Үшіншісі флешмоб биі. Осы өнерлері арқылы әділ-қазы мүшелері жанұяларды бағаламақ.

Галина Бондаренко – “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының президенті:

-Бүгінгі отбасылар жарысында қызу бәсекелестікті байқауға болады. Өйткені олар бар өнерлерін біздерге көрсетуде. Қатысушылардың арасында әншілер мен талантты бишілер көп. Соған байланысты біздер өз ұпайларымызды шын мықтыларға береміз.

Шара соңында жүзден жүйрік шыққан үздіктерге мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

 

Култанов Байболат