Аптадағы маңызды жаңалықтар

Азық-түлік өнімдерінің бағасы облыс басшылығының басты назарында

Сиыр, жылқы, қой мен шошқа еттері жайғасқан сөрелерді аралап, саудагерлерден теңгенің құлдырауы өнімдердің бағасына қалай әсер ететіндігін сұрастырды. Айта кету қажет, аталмыш базарда еттің бағасы көк шығып, жаз басталғалы өспепті және де өспейді деп саудагерлер бір ауыздан тіл қатты.

Тамара Браташ – «Браташ» ЖК сатушысы:

-Мен өзім шошқа етін сатамын. Өнім тек қана біздің өңірдің елді-мекендерінен әкелінеді. Сөреге күн сайын балғын ет жайғастырылады. Теңгенің құлдырауы бағаға еш әсерін тигізбейді. Бұрынғы баға сақталады. Өйткені бұл импортталатын тауар емес, өз өніміміз.

«Алтын-Адал» ЖШС-ің директоры Еділ Джалимов өңір басшысына базарда саудаланатын өнімдердің түрлерін таныстыруда. Мұнда еттен бөлек жеміс-жидек, сүт өнімдері мен тәтті-дәмділер сөреге жайғастырылған. Бағалары өзгеріссіз, қалта көтерерлік. Бұған тұтынушылар ризашылықтарын білдіруде.

Кейін аймақ жетекшісі Ерік Сұлтанов киім-кешек сатып, кәсібін қыздырған саудагерлердің бағаларымен танысты. Мұнда да барлығы тұрақты, еш өзгеріс жоқ екен. Бұдан соң облыс әкімі «Тайга» базарына ат басын бұрды. Жеке кәсіпкер Сергей Леонтьевтің меншігіндегі сауда орнында жағдай мүлдем басқаша. Аталмыш базарда сүт өнімдерінің бағасы бірден 10 теңгеге қымбаттапты. Бұған өңір басшысы Ерік Сұлтанов көңілі толмайтындығын жеткізіп, олқылықтың орнын толтыруды жүктеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Өз өніміміздің бағасы неге қымбаттауда? Ол бізде өндіріледі, оған қосымша қаражат жұмсалмайды. Құны қымбаттамау керек. Оны дұрыстаңыздар.

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың бірі ол дәріханалар. Қаламыздағы «Сердечная» дәріханасына ат басын бұрған облыс әкімі Ерік Сұлтанов фармацевтика өнімдерінің теріскейліктерге қаншалықты қолжетімді екендігін сұрастырды.

Ең басты тұтынымдағы тауарларды саудалайтын тағы бір мекеме – “Каз.Кур” ЖШС. Қазіргі таңда облыс орталығында олардың 7 павильоны ашылған. Солардың біреуіне аялдаған аймақ жетекшісі Ерік Сұлтанов саудаға қойылған тауарлардың бағасымен танысты. Мұндағы өнімдердің барлығы тұтынушыларға қол жетімді, арзан екендігіне көз жеткізген соң, Ерік Сұлтанов «Технодом» сауда үйінің Петропавлдағы желісіне аттанды. Сөрелері тұрмыстық техникаға толған сауда орталығында да бағалар өзгермепті. Бәз-баяғы қалпында сатылуда.

Максим Веремеенко – “TECHNODOM” дүкенінің супервайзері:

-Біз өз клиенттерімізді сақтап қалу үшін бағаны өзгерткен емеспіз. Қазір бұрынғы тауарлар ескі құнымен сатылуда. Жуырда жаңалары келеді. Олардың да бағасы еш өзгеріссіз, осылай қалады.

Бұған көңілі толған облыс әкімі Ерік Сұлтанов халық үшін жасалған жағдайға алғысын білдірді. Жалпы тауарлар құнының өсуін болдырмау үшін құрылған арнайы штаб облыс бойынша 1500 сауда орны мен 33 әлеуметік маңызы бар нысанды бақылауда ұстауда.

 

 

Риат Шони