Бизнес және экономика

Теңге бағамы 5-10 күннің ішінде тұрақталады

Нақты айтсақ, салымшылар мен несие алушылардың қалталары қағылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша салымшылардың жинаған депозиті 65 млрд теңгені құрап отыр. Оның 47 пайызы өзге валюталарда. 2015 жылдың 18-ші тамызына дейін ұлттық валюта теңгемен депозит ашқан салымшыларға жақын арада үкімет тарапынан көмек көрсетілмек.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

-Депозит жинаған салымшыларға Президентіміз айтқандай Ұлттық Банк көмек көрсетеді. Жинаған сомасы 1 млн теңгеге дейінгі салымшыларға девальвациядан кейін үкімет жоғалтқан сомасын қайтармақ. Оның техникасы алдыңғы уақытта белгілі болады.

Теңге еркіндікке жіберіліп біреулер зардап шегіп жатса, енді біреулері молшылыққа кенелуде. Көршілес Ресейдің ұлттық валютасы рубль құлағанда кәсібінен нәсіп тауып жүрген бизнесмендердің ісі өрге домаламай қалған. Сөйтіп, елімізге келетін кіріс көзі күрт төмендеген. Енді бұл жағдай оң шешімін табуда. Біздің экспортқа шығаратын өніміміз доллар, еуро бағасымен арзандай бастап, отандық тауарға деген сұраныс артпақ.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

-Енді кәсіпкерлердің тауарының дәрежесі өсіп, бәсекеге қабілетті болады. Кәсіпорындар жұмыс орындарын сақтайды, яғни жұмыссыздықтың зардабы болмайды. Ел бюджетіне түсетін ақшаның көлемі де көбейеді деген ойдамыз.

-Күні кеше ғана 5 доллардың теңгеге шаққандағы құны 935 теңгені құраған. Орын алып жатқан өзгерістерге байланысты енді бұл сома 1230 теңге маңында болып отыр. Дегенменде бұл нақты қойылған нүкте емес. Теңгенің тұрақты құны 5-10 күннің ішінде белгілі болады.

 

 

Риат Шони