Билік

Шал ақындықтар астықты шашау шығармай жинап алмақ ниетте

Қауызынан шығып тұрған сары алтынды жиюға техника паркі де, қол күші де жетерлік. Жалпы диқандар қауымы арық айтып семіз шыққанды жөн көреді. Жағдайды сұрай қалсаң әліптің артын бағып, -«ауа райы жақсы болса»- деп жауап қатады.

Айдар Жанзақов- «Азко Жаңажол» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

-Ауа райы қолайлы болса 20-25 күннің ішінде орақ науқанын аяқтаймыз деген ойдамын. Техника паркі барлығы жаңа. 14 комбайн, 2 джондир сынды техникалар бар.

Жалпы Шал ақын ауданы бойынша 231 мың га жерге ырыс дәні сіңірілген. Оның 17,5 га-ы майлы, 185 мың га дәнді, 22 мың га біржылдық шөп егіліпті. Жоспар бойынша берекелік 15-20 центнерден айналады.

Болат Раисов- Шал ақын ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі, Шал ақын ауданы:

-Жоспар бойынша 3 мың 655 тонна сары алтын жиналу керек. Қазір оның 3 мың 109 тоннасы бар.

Бұдан соң аймақ басшысы аудан орталығындағы №2 мектептің тынысымен танысты. Мұнда 100 балаға шақталған шағын орталық аптасына 5-күн жұмыс істейді. 4 топ бар. Ал мына мектеп 11 жылдық. Балалар қазақ орыс тілдерінде қатар оқытылады. Білім ошағында 51 мұғалім қызмет етеді. Мұражайы да бар. Өңір жетекшісі мұнда арнайы кітапшаға мектепке деген тілектерін жазды. Бұдан соң аудан бюджетінің кіріс және шығыс бөлігін орындау мәселелеріне арналған жиын өткізілді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ауылдықтар үшін маңызды кезеңі орақ науқаны басталды. Оған облыс жақсы дайындықпен келді. Техниканың 99-пайыздан астамы дайын. Биыл 17 млрд теңгеге техника сатып алынған болатын. Осы жұмыс жалғасын таппақ. Облыс бойынша бюджетті қалыптастыруда қажетті көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отырмыз. Республика деңгейінде жағдай жаман болмаса да, аудандарға келгенде ақсап тұрмыз. Шығысты қысқарту керек.

Сондай-ақ, жиында Шал ақын ауданының әкімі бюджеттің кіріс-шығыс бөліктеріне қатысты есеп берді. Қазіргі таңда ол 95,5 пайызға орындалыпты.

Ербол Сағдиев – Шал ақын ауданының әкімі:

-2015 жылдың 1 ші тамызына дейінгі мәліметтерге сүйенсек ауданда зейнетақы, мемлекеттік қызметкерлердің, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің, жәрдемақылардың уақытылы берілмеуі тіркелмеген.

Бюджет резервінде қаражат жоқ. Сондықтан қолда барды үнемдеп бюджетті толықтай игеру басты мақсат,- деді аймақ басшысы. Сонымен қатар мемлекеттік “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Құлан” сынды бағдарламаларды қолдануға ауылдықтардың құлшынысын арттыру жұмыстарын жүргізу міндеттелді. Бұдан соң өңір жетекшісі Аютас селолық округінде зауыт құрылысы жүріп жатқан «Трансагроинвест» ЖШС -де болды. Мұнда болашақта қант өндірілмекші. Жоспарға сай зауыт 2017 жылы ашылады. ЖСҚ бойынша 900 млн теңге бөлінді. Кәсіпорын қуаттылығы тәулігіне 300 тонна қант қызылшасын өңдеп, жылына 8 мың тонна қант өндірмек.Қазірде құрылыс жұмыстарымен 25 адам айналысуда, ал кәсіпорын ашылған соң 84 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы «ТНС 2020» ЖШС егін алқаптарында болды. Қожалық 88 мың га жерге ырыс дәнін еккен. Серіктестік 15-20 күн ішінде орақ науқанын аяқтамақ.

 

 

Риат Шони