Білім

СҚО-ның екі мектебі пилотты жобаның қатысушысы атанды

Светлана Пономарева – №16 толық емес орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

–  Біз бір ай бойы Астана қаласында педагогикалық білімімізді шыңдадық. Білім саласындағы оқытудың жаңа тәсілдерін үйрендік. Топтарға бөлініп, еліміздің басқа аймақтарынан келген ұстаздармен тәжірибе алмастық. Жалпы бұл жобаның берері мол. Және дәл біздің мектеп пилотты жобаның қатысушы атанғанына қуаныштымыз.

Айту керек, бұл мектепте әзірге пилоттық бағдарламамен оқитын тек бірінші сынып қана. Бұл жоба әдеттегі білім беру формасынан қатты ерекшеленбейді. Балақандар аптасына 6 күн, 24 сағат оқиды. Тек 4 пен 5-тің орнына мақсатқа жетті немесе талпынуда деген баға беріледі. Және тілдерді үйрету жеңіл формада жүргізіледі. Оқытудың жаңа түрінен мамандар жақсы нәтиже күтуде.

Аягөз Бектасова – №16 толық емес орта мектеп директорының оқу және тәрбие жөніндегі орынбасары:

– Қазіргі таңда біздің мектепте 75 бала білім алуда. Сонымен қатар 8 оқушы 1-ші сыныпқа қабылданды. Олар жаңартылған стандарт бойынша оқиды. Қазіргі күні жаңа оқу бағдарламасына арналған оқулықтарды күтудеміз. Және де оқу бағдарламасы мен оқу жоспары беріледі. Жаңа оқу бағдарламасы балалардың бойында сыни тұрғысынан ойлау, функционалдық сауаттылық және зерттеушілік қасиетті дамытады.

Аталған пилотты жоба бойынша біздің өңірдің 2 мектебі қатыспақ. Бірі №16 толық емес орта мектеп болса, екіншісі М.Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебі.

Айгерим Ержанова