Қоғам

Облыс орталығында жыл басынан 150 өрт оқиғасы болған

Көп жағдайда тілсіз жаудың тұтануына тұрғындардың өздері кінәлі болып келеді екен. Олардың бірі электр сымдарын дұрыс тартпаса, енді бірі белгіленбеген жерде қоқыстарын өртейді. Аудандағы 423-ші баспананың тұрғызылғанына 15 жыл өткен. Биыл үй иелері мұнда күрделі жөндеу жүргізіпті. Жаңадан пеш те салған. Алайда, төтенше жағдай қызметкерлері жылыту қондырғысының тиісті нормаларға сай салынбағанын айтты.

–  Пешті салғанда қабырғамен арасы кемінде 50-60 см болу керек. Және төбемен байланысатын жер мықтап кірпішпен қапталғаны жөн. Ал сіздерде ондай тәртіп орындалмаған. Сондықтан қайтадан пешті жөндеу қажет. Түтін шығатын жолды жиі тазартып отырыңыздар.

Үй иелері айтылған ескертуді орындауға келісті.

Надежда Измайлова – Копай тұрғыны:

–  Қателіктерді міндетті түрде жөндейміз. Өйткені, ол біздің өмірімізге қауіпті. Осындай рейдтердың маңызы жоғары. Мамандарға әр үйге кіріп жадынама таратқандарына рахмет.

Мамандардың айтуынша қызыл жалын көбінесе үйді жылыту қондырғыларының дұрыс салынбауынан туындайды. Сондықтан, пеш қалайтын білікті мамандар керек. Бұл мәселені бір жақты ету үшін сертификатталған пеш салушылар жұмыс істейтін орталық ашу көзделген.

Ербол Мұханбеталин – Петропавл қалалық ТЖБ аға инженері:

–  Өрт оқиғасы пештің бұрыс салынуының салдарынан жиі туындайды. Мұны статистика көрсетіп отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін сапалы пеш салатын мамандардың орталығын ашу ойда бар. Оған Петропавл қаласының әкімі бұйрық берді. Алдағы уақытта жоспардағы жұмыстар атқарылады.

Жалпы облыс орталығында соңғы сегіз айда 150 өрт оқиғасы тіркелген. Апаттардан келген материалдық шығын 37 млн. теңгені құрайды. Тілсіз жаудың салдарынан 3 адам қаза тауып, 8 тұрғын түрлі дене жарақаттарын алыпты.

Култанов Байболат