Құқық қорғау органдары

Облыс орталығында полицей мамандарының аймақтық оқу-әдістемелік жиыны өтті

Аталмыш шараға еліміздің Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Астана қаласының құқық қорғау органдарының мамандары жиналған. Маңызды шараның басты тақырыбы – жас полицейлерді тәрбиелеу мәселесі болды.

Қапез Дәулетбаев – СҚО ІІД кадрлармен жұмыс жөніндегі басқарманың бастығы:

– ІІД-нде адал қызмет ететін кадрлар мен жеке құрамды тәрбиелеп, біліктіліктерін арттыру әрі тәжірибе алмасу үшін жиналдық. Бұл Елбасының бекіткен «100 нақты қадамын» жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан шаралардың бір парасы. Өйткені біздің болашақ жас ұрпақтың қолында.

Еліміздің 7 өңірінен барлығы 100-ден аса маман жиналған. СҚО ІІД-ның бастығы Берік Біләлов жергілікті тәртіп сақшыларының кәсібилігін арттыруда қолға алынған негізгі әдістерімен бөлісті.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Мамандардың қызмет сапасын арттыру мақсатында түрлі шаралар қолданудамыз. Полицейлерді тоқсан сайын атқарылған жұмысына қарай сыйақымен марапаттаймыз. Осы жылдың өзінде бұған 100 млн.теңге бөлінді. Сонымен қатар, қызметкерлердің шығармашылықтары да назардан тыс қалмауда. ІІД оркестрі мен балалар вокалдық ансамблі құрылды. Олар түрлі конкурстарға қатысып, жүлдегер атануда.

Аталған шарада өзге шенділер де бір-бірімен тәжірибе алмасып, жас мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған шараларды баяндады. Айту керек, республикалық оқу-әдістемелік шараға жиналған полицейлердің ішінде бір-ақ нәзік жанды бар. Өйткені, бұл қызметте арулардың да істегені маңызды дейді Гүлнәр Жиеналина.

Гүлнәр Жиеналина – Ақсу қаласы ІІД кадрлармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының орынбасары:

 

– Біздің өңірде жеке құрамды тәрбиелеу мен кадрлар мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Біріншіден біз әскери комиссариатпен тығыз қарым-қатынастамыз. Сонымен қатар, ЖОО-мен де байланысып тұрамыз. Мен полиция қызметіне жаңадан келген үміткерге ата-анасының зор қолдау көрсеткеніне баса мән беремін. Өйткені, жақындары мен дос-жарандарының көмегімен жас маман ауыр да маңызды қызметін жақсы атқарады. Біз сыйақымен марапаттауды да ұмыт қалдырмаймыз.

Ішкі істер органдарындағы тәрбиелік жұмыстарды одан әрі жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған жиыннан соң полицейлер тамыздың 19-ы күні физикалық дайындықтан сынақ тапсырмақ.

Айгерим Ержанова