Мәдениет

Жерлес күйсандықшы қыз “GIOVANI TALENTI” байқауынан жүлдемен оралды

Злата Добровольская – “GIOVANI TALENTI” байқауының жүлдегері:

-Италиядағы халықаралық байқауға 1 жылдың көлемінде дайындалдық. Соның арқасында 2-ші орынға қол жеткіздім. Өте қиын болды. Үлкен сахнаға шыққанда қобалжыдым. Соған қарамастан әзірлеп апарған 3 бірдей шығарманы жақсы орындап шықтым. Жеткен жетістігіме қуаныштымын.

Халықаралық байқауға әлемнің 6 елінен 50-ге тарта өнерпаз қатысқан.
Байқауда пианист қыз 18 бен 20 жастағылардың арасында бақ сынаған. Жерлесіміздің тобында 6 үміткер болыпты. Мұндай айтулы додада ел мерейін асырып қайту – үлкен жеңіс. Злата Добравольскаяға күйсандықтың қыр-сырын үйреткен ұстазы шәкіртінің болашығына сенімді.

Елена Мещеркина – Златаның Добравольскаяның ұстазы:

-Мен Златамен 3 жылдан бері айналысамын. Алғашқы жылдардың өзінде бірқатар қиын шығармаларды жаттап алды. Өте талантты қыз. Айтқанды бірден ұғып алады. Болашақта оның мықты музыкант болғанын қалаймын.

Жалпы өнер иесінің отбасында барлығы – музыкаға жақын адамдар. Әкесі сазгер болса, анасы – пианист. Дәл осы аспапқа Златаны 4 жасынан анасы баулыпты.

Лиана Добровольская – Злата Добравольскаяның анасы:

-Қызымды өнерге жақын екенін 4 жасынан байқадым. Сондықтан, бірден өзіме жақын пианионы үйреттім. Әкесі де осы аспапта өнер көрсеткенін қалады. Бүгінде сенімді ақтап тамаша өнер адамына айналды. Сол үшін қуанамын.

Қазіргі күні Злата – Петропавл қаласындағы өнер колледжінің 4 курс студенті. Алдағы уақыттарда өнер иесінің арманы асқақ. Білім ошағын аяқтаған соң білім алуын жоғары оқу орындарының бірінде жалғастыруды көздейді.

 

 

Култанов Байболат