Қоғам

СҚО “Видергебурт” неміс мәдени орталығында “Die Tollen Trolle” мюзиклы сахналанды

Жерлесіміз Герольд Белгердің бұл шығармасын орындауды Германиядағы орыс-неміс театрының әртісі Мария Варкентин ұсыныпты. Аталмыш мюзиклді сахнаға шығару үшін кішкентай солтүстікқазақстандықтар біраз тер төккен. Өйткені, туынды толығымен неміс тілінде дейді Мария Варкентин.

Мария Варкентин – Нидерштеттен қаласындағы орыс-неміс теарының әртісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

-Сіздердің қалаларыңызға бұл – менің екінші келуім. Екі жұма бойы біз мюзикл қоюға әзірлендік. Ал бүгін – қойылымның премьерасы. Балалармен жұмыс жасау өте қызықты. Бірақ, ол үшін әрине шыдамдылық керек. Балғындар өте белсенді. Әрқайсысымен жеке жұмыс жасау керек болы. Жарты сағатқа шақталған қойылым таза неміс тілінде. Сондықтан, біз таңнан кешке дейін дайындалдық.

«Театралды-педагогикалық лингвистикалық лагерь» жобасына 16 балғын қатысты. Барлығы да сахна төрінде өнерлерін паш етуде. 10 жасар Полина Юркенсон болса шет елден келген білікті маманмен жұмыс жасағанына қуанышты.

Полина Юркенсон:

-Біз Германиядан келген педагогпен дамытатын ойындарды жиі ойнадық. Сөздерді де бірнеше мәрте қайталадық. Кейін хореограф келіп биімізді қойып берді. Екі апта қиын да қызыққа толы болды. Бірақ, біз төзімділік таныттық. Білікті маманмен жұмыс істеу тамаша әсер қалдырды.

Балалар германиялық маманнан тіл, сахналық мәдениет пен мәтінмен жұмыс істеуге үйренген. Жобаға барлығы 25 педагог қатысқан, оның ішінде Павлодар мен Риддерден келген қонақтар да бар.

Ольга Вехтева – СҚО «Видергебурт» неміс мәдени орталығы тілдік жобалардың әдіскер кураторы:

-Осы жылы біздің орталыққа театралды-педагогикалық лагерь ұйымдастыру ұсынысы түскен болатын. Аталмыш шара негізінен екі топқа арналған. Бірі – балалар, екіншісі – педагог мамандар. Біз бүлдіршіндерден топ құрып, жобаға қатыстырдық. Олар неміс драмалық театрының әртісінен көп нәрсе үйренді. Бастысы, сахналық мәдениет жайында сабақ алды.

Айту керек, аталмыш қойылым солтүстікқазақстандықтардың зор қошеметіне ие болды.

 

 

Айгерим Ержанова