Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өңірдегі күзгі орақ науқанына дайындық барысымен танысты

Данияр Жаналинов – СҚО Мемлекекттік кірістер департаментінің жетекшісі:

-Жергілікті бюджет 84,3 пайызға орындалды. Ол 768,1 млн құрап отыр. Жергілікті қазынаға 143,2 млн теңге құйылмаған. Ал, облыстық бюджетке 58,4 пайыз түсті. 179,5 млн теңге жетіспей отыр. Негізгі мемлекеттік кірістер орындалмаған. Жұмыс мардымсыз жүргізілуде.

Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлерден түсетін салық толық мөлшерде ел қазынасына жиналмай отыр. Ауданда ауыл шаруашылығы да ақсап тұр. Тайыншада жоспар бойынша мал репродукторына 200 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынуы керек еді. Алайда бұл тапсырма орындалмаған.

Қайрат Омаров – СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі:

-«СЫБАҒА» бағдарламасы бойынша биыл 90 бас ірі қара сатып алынды. Бұл жоспардың тек 12,5 пайызы орындалды деген сөз. «Құлан» бағдарламасы бойынша 82 жылқы болса. Сәйкесінше қойылған тапсырма 52 пайызға ғана орындалды. «Алтын асық» бойынша 20 бас қой сатып алынды. Ал жоспар бойынша 700 болуы тиіс еді. Бұл саладағы жұмыс мүлдем облыс жоспарымен сәйкес келмейді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бұл олқылықтарды қатаң сынға алып, жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуін талап етті. Ет экспорты мүлдем орындалмаған. Жоспар бойынша аудан 160 тонна етті сатуы тиіс еді. Алайда бірде-бір келі сыртқа шықпаған екен. Қызылжар ауданында да ел қазынасына жоспарлы 188 млн теңге түспеді. Оның 102 млны облыс бюджетінікі. Жыл басынан бері жергілікті бюджетті орындау мақсатында 6-ақ жиын өткен. Мұнда жұмысшыларға төленетін еңбекақы мөлшері де төмен. Сондай-ақ, жиында мал шаруашылығын дамыту туралы да сөз қозғалды. Сүт, ет өнімдерін ұқсату 2 есеге кеміді. Сыбаға бағдарламасы бойынша тек жоспардың 41 пайызы, алтын асық бағдарламасы 33 пайызға ғана орындалды. Ал құлан бағдарламасы жоспардан үш есеге артық жүзеге асырылыпты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған жұмыс тобы Уәлиханов ауданында да болды. Онда да бюджетке түсетін түсім мардымсыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тиісті деңгейде дамымай отыр.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Жұмыс дұрыс жасалып жатқан жоқ. Еш нәтиже байқалмайды. Сондықтан барлығымыз жұмылып еңбек етуіміз қажет. Мал шаруашылығын да жоспарға сай орындау керек. Өңір басшысының тапсырмасын толық орындауымыз қажет.

Бүгінде Уәлиханов ауданының әкімдігі жұмысты барлық салалар бойынша мардымсыз жүргізіп келеді. Әсіресе, Мал шаруашылығы саласы оң жолға қойылмаған. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары толыққанды жүзеге аспай отыр. Ал «Ырыс» бағдарламасын бірде-бір кәсіпкер қолданбаған.

Уәлиханов ауданында бруцелез ауруының салдарынан 36 бас ірі қара мал жойылды. Бұл әрине, аудандағы ветеринар мамандарының мардымсыз жұмысы деуге болады. Ал көрші Ақжар ауданындағы жағдай мүлдем басқа. Мұнда ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Барлық мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық аудандарға «Сыбаға» бағдарламасының көмегімен 2 мыңнан астам ірі қара малды сатып алу керектігі айтылған болатын.

Серікбай Тұралинов – Ақжар ауданының әкімі:

-Облыс әкімі қойған тапсырмаларды біз тиянақты орындаймыз. Оған уәде береміз. Бюджетке түспеген қаражатты уақытылы толықтырамыз. Біздің ауданда шұжық жасау цехі ашылатын болады. Қазіргі уақыта ғимарат дайындық үстінде. Жолдарды ауданда жөндеп жатырмыз. Елдің азаматтары өз қаражаттарына жол жасап жатыр. Барлық тапсырмалар жуық арада шешімін табады.

Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ауданның егін алқаптарына барды. Ондағы гектар берекелігімен танысты.

Иван Гоцак – «Гоцак» ШҚ басшысы:

-Біздің шаруашылықтың қарамағында 2700 га егістік бар. Мамырдың 18-нен бастап барлық дәнді дақылдарды ектік. Күзгі орақ науқанында гектарынан 25 центнер өнім алуға қауқарлымыз.

Аққайың ауданында да Айдарбек Сапаров жиын өткізді. Мұнда да жұмыс жүйелі түрде жүргізілмей отыр. Мемлекеттік бағдарламалар жоспар бойынша орындалмауда. Құлан бағдарламасының көмегімен бірде бір жылқы сатып алынбады. Жергілікті кәсіпкерлер Ырыс бағдарламасы жайлы хабарсыз екен. Мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша Есіл ауданында ең төменгі көрсеткіш. Жыл басынан бері 187 бас ірі қара сатып алынған. Жиын барысында аудан бойынша барлық көрсеткіштер қаралып, Айдарбек Сапаров тиісті тапсырмалар берді. Одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары «Заградовское» ЖШС-нің егістік алқабын аралады. Серіктестік 1994 жылы құрылған және орақ науқанына бүгінде сақадай сай. Осы уақытқа дейін бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгініп, шаруашылықтар жан-жақты дамып келеді.
Одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары «Прометей агро» ЖШС-нің алқабында да болды. 1997 жылы өз жұмысын бастаған серіктестік биыл мал шаруашылығымен айналысуды да қолға алған. Бұл бағытта «Столыпинское» ЖШС де шет қалмай 52 бас ірі қара сатып алды. Орақ науқанынан биыл жоғары өнім күтіп отыр.

Юрий Шоль – « Прометей – Агро» ЖШС директоры:

-Қарамағымызда 5 мың га жер бар. Техника сақадай сай. Ауа райы қолайлы болса сапалы өнім аламыз деп ойлаймын.
Айдарбек Сапаров Айыртау ауданында да болып, «Айыртау Грейн» ЖШС-нің күнбағыс алқабын аралады.

Егер де ауа райы қолайлы болып, мұрсат беріп жатса, биылғы орақ науқанында мол өнім аламыз, – дейді солтүстікқазақстандық диқандар

 

 

Айгерим Ержанова