Қоғам

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына – 23 жыл

Содан бері қазақстандық сақшылар ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті екендіктерін көрсетіп келеді. Ведомства қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан орынбасары Владимир Бубенко құттықтап, жауапты қызметтің маңыздылығына тоқталды.

Владимир Бубенко – СҚО әкімінің орынбасары:

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік органдарына ерекше көңіл бөлуде. Осы ретте Шекара қызметіне артылған міндет салмақты. Қазіргі таңда өңірде қызмет етіп жүрген сақшылар көршілес Омбы, Қорған, Түмен облыстарымен шектесетін аумақты бақылауда ұстап, әскери міндетін абыроймен атқарып келеді.

Теріскейдегі 2032 әскери бөліміне 1200 шақырымнан астам аумақты бақылау сеніп тапсырылған. Осыдан 10 жыл бұрын құрылған әскери бөлім шекаралас орналасқан Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен шектесетін аймақтың тыныштығын берік қорғап келеді.

Нұртай Танқаев – ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2032 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы:

-Ең басты міндетіміз мемлекеттік шекараны қорғау болып табылады. Қару мен есірткі өткізбеу. Елбасының тікелей көңіл бөлуімен шекара қызметіне бірталай жағдайлар жасалып жатыр. Өз міндеттерімен осы шекара жабдықтарымен атқарамыз, қызметімізде қолданамыз.

Кездесуде ел шекарасын күзетіп, қорғауда адал еңбек етіп көзге түскен бірқатар қызметкерлер облыс әкімі мен ҚР ҰҚК-нің атынан алғыс хаттары және құрмет грамоталарына ие болды. Бұл күні әскери борышын өтеудегі мінсіз қызметі үшін Жанат Ысқақов та марапатталды.

Жанат Ысқақов – ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2032 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

-Бүгін кәсіби мерекеміз күні қарсаңында облыс әкімінің марапатына ие болып отырмын. Өте қуаныштымын. Өзімнің шекара қызметінде жүргеніме 19 жыл болды. Өз атымнан шекара қызметшілеріне айтқым келетіні жұмыстары алға бассын, шекарамыз берік болсын.

Ресми марапаттаудан кейін сақшылардың құрметіне жергілікті өнер ұжымдары ән-жырдан шашу шашты.

Жалпы ел қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп, кез келген қауіп-қатерге лайықты тойтарыс беруге әрқашан дайын осындай шекарашылар бар да қазақстандықтардың ұйқысы тыныш болмақ.

 

 

Бакыт Садуакасов