Білім

Петропавлда «Мектеп жәрмеңкесі» өтті

Лариса Оспанова – ата-ана:

-Біз “Мектеп жәрмеңкесінің” өтетінін кеше естдік. Содан соң бірден осында келуді ұйғардық. Шынымен де базарға қарағанда мұнда арзан тауарлар көп. Қаладағы басқа сауда орындарында дәптер 12 теңге болса, осында 9 теңге тұрады. Қазір қызыма дәптер мен сөмке аламын.

Жаңа оқу жылы қарсаңында сауда алаңына келгендердің қатарында Арайгүл Мұқанова да бар. Ол осында игі бастаманың өтіп жатқанына қуанышты.

Арайгүл Мұқанова – ата-ана:

-Санаулы күндерден кейін оқу жылы басталады. Мемлекет тарапынан өткізіліп отырған жәрмеңкенің арзан бағамен саудалануы өте дұрыс.

Жалпы жәрмеңкеге 12 жеке кәсіпкер қатысып отыр. Олардың бірі кеңселік тауарларды сатса, енді бірі халыққа киім-кешек ұсынды. Мәселен, “Карташова” ЖК-гі құрған сөреде оқушыға керектінің барлығы бар.

Людмила Карташова – «Карташова» ЖК директоры:

-Бізде мектепке қажет тауарлар молынан. Және барлығы да арзан. Мысалы, қыз балаға арналған мектеп формасы базарда 3 500 болса, бізде 2 800 теңге тұрады. Рюкзактар 2 мыңнан басталады. Барлығының сапасы жақсы. Келушілердің көңілдерінен шығуда.

Айта кеткен жөн, аталмыш жәрмеңке “Мектепке жол” республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Евгения Сальникова – Петропавл қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Акция аясында мектепке қажетті тауарларды саудалайтын жәрмеңке өткізуді жоспарладық. Бұл бастамаға қала кәсіпкерлері бірден келісті. Олардың тауарларының бағасы қалта көтерерлік. Ал, бұл өз кезегінде балалардың мектепке толықтай дайындалуына үлкен көмегін тигізеді.

Алдағы уақыттарда дәл осындай жәрмеңке қаламызда тағы да ұйымдастырылмақ.

 

 

Култанов Байболат