Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың 37-ші сессиясы өтті

Ішкі жалпы өнім 143,3 млрд теңгені құраса, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 1,5 есеге артып 54 млрд теңге болған. Теріскей астықты өлке болғандықтын ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлінеді. Биылғы жылы егістік алқаптардың көлемі артып, 4,4 млн гектарға жеткен. Бұл өткен жылғыдан 20 мың гектарға артық. Бірнеше күннен кейін облыста орақ науқаны басталады. Сондықтан, диқандар қызу дайындыққа кіріскен. Мал шаруашылығын дамытуда да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Жыл басынан бері 988 басқа арналған 4 асыл тұқымды репродуктор, 1900 басқа шақталған 5 бордақылау алаңы құрылды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Биыл жүргізілген жұмыс ауылшаруашылығы кәсіпорындарындағы ірі қара мал саны-8 пайызға, фермерлік шаруашылықтарда-42 пайызға, қой мен ешкі-7 пайызға, жылқы-4,5 пайызға, құс-6 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Осының нәтижесінде ет өндірісі-1 пайызға, сүт-6 пайызға, жұмыртқа-18 пайызға өсті. Өткен алты айда азық- түлік өнімдерін өндіру көлемі 33,7 млрд теңге болды. Биыл жарма-32 пайыз, ет, консервілері 7 есе артық өндірілді.

Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында облыста 90 млрд теңгенің 60-қа жуық жобасы іске асырылмақ. Бүгінгі күні 27,4 млрд теңгенің 39 бизнес идеясы орындалыпты. Ағымдағы жылы тағы 20-сы жүзеге асырылады. Өңірде туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұрын кенжелеп дамыған сала қазір жақсы қарқын алуда. Биыл Айыртау ауданында пантымен емдеу мекемесі ашылды. Алдағы уақытта осы ауданда тағы Шалқар мен Имантау көлдерінде сауықтыру нысандарын, яғни жағажай туризмін қолға алу жоспарланған. Қазіргі таңда өңіріміз 70-тен астам елмен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Жыл басынан сыртқы сауда айналымы 94,2 млн АҚШ долларын құрады. Солтүстікқазақстандықтарды баспанамен қамтуға 6 млрд теңгеден астам қаржы бағытталыпты. Осы уақытқа дейін 31,5 мың шаршы метр үй қолданысқа берілген. Бұл әзірге аздық етеді. Өйткені, тек Петропавлдың өзінде 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан, құрылысқа қарқын қосу қажет деді жиында баяндама жасаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов. Бүгіндері теріскейліктерді сапалы жол және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де оң жолға қойылған.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Облысты сумен жабдықтау нысандарының құрылысын жүргізуге және қайта жаңартуға 5,3 млрд теңге қаржы жұмсалмақ. Петропавл қаласының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту үшін Ұлттық қордан 500 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 236 шақырым су құбырын салу және қайта жаңарту,7 ауылға су жеткізу, 44 елді-мекеннің сумен жабдықталуын жақсарту жосапрлаған. Өңіріміздегі елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау жыл көлемінде бір пайызға өсті.

Жиын соңында халық қалаулылары облыс әкімі жасаған шаруаларға оң бағасын беріп, аймақ басшысының есебін бірауыздан қабылдады. Шынымен де, аймағымызда бірқатар игі шаруалар тындырылған. Өңіріміздің дамуы үшін әрі қарай да бірлесіп жұмыс атқарған жөн деп тарқасты сессияға жиналғандар.

 

 

Магжан Ахмадина