МТРА жаңалықтары

Петропавлда тозығы жеткен жылу құбырлары жаңартылуда

Оны қанағаттандыру үшін жылу облыс орталығындағы құбырлардың диаметрі 700-ден 1000 милиметрлікке ауыстырылып жатыр. Мысалы, мына учаскеде “СевИмСтальКон” ЖШС-нің жұмысшылары №1 жылу магистралінің жол қабаты астынан өтетін 18,5 метр бөлігін толығымен жаңартуда. Ол арқылы тасымалданатын жылу қаланың орталығындағы баспаналарды толығымен жылумен қамтуға жетеді дейді кәсіпорындағылар.

Анатолий Потехин, “СевИмСтальКон” ЖШС аға прорабы:

-Ғ.Мүсірепов көшесіндегі бұл учаскедегі жұмыстарды тамыздың 11-інде бастадық. Тартып жатқан құбырларымыз 25-30 жылға шыдас береді. Оның сырты пенополиуританмен қапталған. Материал жылуды сыртқа өткізбейтін қасиетке ие.
Мұнда 15 адам және 8 бірлік техниканың күші жұмылдырылды. Шаруаны 10 күннің ішінде аяқтауды жоспарлаудамыз.

Облыс орталығында жылу желілерінің жалпы ұзындығы 236 шақырымды құрайды. Бүгінде құбырлардың 72 пайызының тозығы жеткен. Қаламызда 3 ірі жылу магистралі болса, соның 88 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл өз кезегінде соңғы жылдары жылу шығындарының ұлғаюына әкеліп соқтыруда. Орташа алғанда, жылыту маусымында құбырлар арқылы тасымалданған жылудың 30 пайызы далаға кететін көрінеді. Оған қосы аппаттық жағдайлар жиілеп кетті. Мысалы, былтырғы жылыту маусымында 300-ден астам технологиялық ақау орын алған.

Антон Федяев, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

-Петропавл жылу желілері” ЖШС-нде алдағы 5 жылға инвестициялық бағдарламаның жоспары бекітілді. Соның аясында компания алда тозығы жеткен құбырларды өздері жаңартып, жаңасына алмастыра алатын жағдайға жетуі тиіс. Кәсіпорындағылар Еуропалық Қайта құру және Даму Банкімен келісімге келіп, аталмыш қаржы институтынан 4,6 млрд тг. заем алуы мүмкін. Ол үшін жылумен қамтушы компания алдағы уақытта табысты жұмыс істеуі қажет. Ол қарыз инвестициялық бағдарламаға енгізіледі.

“Петропавл жылу желілері” ЖШС–гі 2020 жылға қарай инвестициялық бағдарлама аясында және өз қаражаты есебінен тозығы жеткен құбырлардың үлесін 60 пайызға, ал жылу шығынын түбегейлі жоюды жоспарлауда.


 

Берик Касен