Спорт

Мемлекеттік қызметкерлер спорттан бағын сынады

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Денсаулық күні» деп аталатын бұл жарыстар спорт күні шеңберінде өтуде. Жалпы бүгіндері спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан, осындай сайыстардан қалыс қалмай, қатысып отырғандарыңыз өте қуанышты жағдай. Барлық жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Нағыз мықты команда жеңіске жетеді деген ойдамын.

Кейін салтанатты түрде әнұран ойнатылып, спортшылар жарыс өтетін жаққа қарай бет алды. Ең алдымен ерлер ұзындыққа секіруден бақ сынады. Әзірге, облыстық қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің мамандары жақсы нәтиже көрсетуде. Мұндай жетістіктің сыры жиі жаттығуда дейді мұндағылар.

Алтынбек Жамалиев – СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері:

-Департамент басшылығы спортқа үнемі көңіл бөледі. Сондықтан, жаттығу жасап отырмыз.

Көрермендер болса, жарысқа қатысушыларға белсенді түрде қолдау білдіруде. Әріптестерінің өзгелерден оза шапқанын қалайды.

Жалпы сайысқа түрлі саланың тізгінін ұстаған 150-ден астам мемлекеттік қызметкер қатысты. 16 командаға бөлінген олар өздерінің спортта да осал емес екендіктерін байқатып әлек. Күні бойы кабинетте отырып, компьютер мен қағаздан бас алмайтын бұл жандар үшін осындай жарыстардың маңызы зор.

Нәзира Жамантаева – СҚО экономика басқармасының бас маманы:

-Сайыс өтеді дегенді естігенде бірден басқармамен қатысуға ниет білдірдік.

Жарыс жеңімпаздары кубок, бағалы сыйлықтар және грамоталармен марапатталатын болады.

 

 

Магжан Ахмадина