Құқық қорғау органдары

“Жүргізуші, жылдамдықты бәсеңдет” акциясы өткізілді

Олар бүгін тәртіп сақшылары тоқтатқан темір тұлпарды тізгіндеген жандарға “Жүргізуші жылдамдықты қадағала”, “Сені үйде күтіп отыр”, “Өзіңнің және жолаушыңның өміріне жауаптысың” атты жадынамаларды ұсынды. Балалар таратқан ескертулерді жүргізушілер зейін салып оқуда.

Полина Синягина, Петропавл қалалық №23 орта мектебінің оқушысы:

-Мен “Жас инспектор” байқауына қатысып, барлық жол ережелерін жаттап алдым. Бұл білімдер өз өмірімді сақтауда пайдасын тигізеді. Мәселен, бүгін көліктерді тоқтатып, жадынама қағаздарын бергенде кей жүргізушілер асығыстық танытып, жүріп кетті. Ал көпшілігі жол қауіпсіздігі жайлы біздің ескертулерімізді құлақ сала тыңдады. Бұл олар үшін ойланарлық жайт болды.

Акция республикалық маңыздағы «Челябі – Новосібір» тас жолының бойында өткізіліп отыр. Жедел-алдын алу шарасының өтуіне тәртіп сақшылары мен жас инспекторлардан бөлек, “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының СҚО-тық филиалы да ат салысуда.

Алмаз Ыдырысов, “ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ СҚО филиалы:

-Жолдағы келеңсіз оқиғалар түрлі жағдайларда орын алып жатады. Біз көлік қозғалысы кезінде апаттардың алдын-алуды көздейміз. Сол үшін биыл 100 мың шаршы метр жолдардың ойық-тесіктерін бітеу жоспарда. Одан бөлек, 400-ден астам түрлі жол таңбаларын орнатамыз. Бұл жүргізушінің еш кедергісіз сапар шегуіне себін тигізбек.

Мұндай шаралар керек-ақ. Себебі жыл басынан бері жол апаты салдарынан 25 бала жапа шегіп, 2-уі оқиға орнында көз жұмған.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД Жол полициясы басқармасының инспекторы:

-ағымдағы жылдың 7 айында СҚО аумағында 134 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде 169 адам түрлі дене жарақаттарын алып, 20 азамат көз жұмған. Сараптамаға сүйенсек, көлік апаттарының дені республикалық маңыздағы тас жолдарда орын алады.

Жалпы жүргізушіге көліктің қозғалыс жылдамдығын тас жолда 90 км/сағ., ал автобандарда 130 км/ сағ. дейін арттыруға рұқсат етілген.

 

 

Акбопе Танирберген