Білім

Оқу орындары бәсекеге қабілеттілікті арттыруда

Иван Анер- Петропавл қаласының машина жасау колледжінің 2 курс студенті:

-Алғашында мұнда келгенде қиын болатын. Бірақ барлық сандық бағдарламаларды меңгергеннен кейін, оқу жеңілдеді. Бүгіндері соның арқасында кішігірім бөлшектерді өзіміз жасай аламыз. Қазір жаз, демалыс уақыты болса да біз біліктілігімізді шыңдауға үнемі келіп тұрамыз.

Бүгінгі таңда мұнда мектеп бітіруші түлектерді оқуға қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Биыл білім ошағы тағы 100-ге жуық студентті оқытуды көздеп отыр. 4 мамандық бойынша білім беретін колледжге түсуге ниет білдіргендердің бірі- Заур Османов. 9 сыныпты бітірген жас өз өмірін ұсташылықпен байланыстыруды жөн санаған.

Заур Османов:

-Мен бала кезімнен машиналарды ұнатамын. Сондықтан осы мамандықты таңдадым. Мына колледжде жақсы оқытатынын, әрі материалдық базасы мықты екендігін естіп, 11 сыныптың аяқталуын күтпей, осында келдім. Дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін.

Колледж өңіріміздегі іргелі кәсіпорындармен әріптестік орнатқан. Әсіресе, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ында оқу орнының студенттеріне тәжірбиеден өту мүмкіндігі қарастырылған. Дуалды оқыту әдісі мықты дамыған білім ордасы бүгіндері сапалы кадр даярлаудың маңыздығын жақсы біледі.

Анатолий Фурманюк- Петропавл қаласындағы машина жасау колледжінің директоры:

-Жақсы еңбеккерлер дайындау – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан әсіресе, қазіргі күні еліміз дүние жүзілік сауда ұйымына кірген шақта, оқу орындары да белді бекем буып, бәсекеге қабілетті маман шығаруға ұмтылу керек. Өйткені оқу орындары әзірлеген мамандар сапалы өнім, бәсекеге қабілетті тауар жасайды.

Айту керек, қазір колледжде 250 студент білім алуда.

 

 

Магжан Ахмадина