МТРА жаңалықтары

Өңірге жұмыс сапарымен автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары келді

Дәл қазір залға көлік және жол құрылысы саласының мамандары жиылған. Барлығы Елбасы бекіткен “100 нақты қадамдағы” жол саласына қатысты тұстарды талқылауда. Жалпы республика бойынша 11 келелі жоба іске асырылып, нәтижесінде 7 мың шақырым жол жөнделмек. Оған жұмсалатын қаржы – 2,4 триллион теңге. Мысалы, бүгінде Петропавл арқылы өтетін Астанадан Ресей шекарасына дейінгі магистраль жөнделуде.

Амангелді Беков – ҚР индустрия және даму министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

-Биылғы қаржыландыру көлемі 11 миллиард теңгеден асты. Жұмыс 106 шақырым бойында жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 55 км-ді тапсырамыз деп жоспарладық. Ал бөлінген қаржы жеткілікті болса, келер жылы Петропавл қаласына дейінгі аралықты аяқтап, кейін тас жолды Қорғанға қарай жөндей бастаймыз.

Республикалық маңыздағы жолды жаңғырту жұмыстары осыдан 4 жыл бұрын басталған. 60-80 жылдары тартылған магистральді жөндеу тек 2018 жылы ғана аяқталмақ. Республикалық маңызы бар трассаның біздің облыстағы ұзындығы 325 км-ді құрайды.

Алмаз Ыдырысов – «ҚазАвтоЖол» СҚОФ директорының орынбасары:

-СҚО шекарасынан Келлеровкаға дейінгі аралықта жол қайта жөндеуден өтті. Бүгінде Келлеровка мен Петропавл аралығы жөнделуде. Мердігерлер анықталды, қаржыландыру бар, 300-ден астам техника мен 1000 шақты жұмысшы тартылды. Құрылысқа керекті материалдар негізінен Көкшетаудан жеткізілді.

Жұмыс сапасы үнемі мамандардың қатаң бақылауында. Жөндеуден кейін жол екінші техникалық дәрежеге ауыстырылмақ. Яғни, ұзындығы 9 метрді құрамақ. Жалпы өңіріміздегі республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1400 шақырым. Тағы облыстық 2400 км жол бар. Жалпы биыл республикалық және облыстық бюджеттерден жол жөндеу жұмыстарына 5 миллиард 200 млн теңге бөлінген.

Бейбіт Есманов – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Петропавлда көшелерді жөндеу жұмыстары да жүріп жатыр. 250 км-ді жаңарту үшін 2 миллиард теңге бөлінген. Жұмыс әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар, СҚО-нда әуежайды жаңғырту шаралары да басталды.

 

 

Айгерим Ержанова