Аптадағы маңызды жаңалықтар

Инклюзивті білім беру заман талабы

Балғын Жұманова – №2 орта мектебінің дифектологы:

-Мектеп ішінен осындай сыныптарды ашудағы негізгі мақсат – мүмкіндігі шектеулі оқушыларды бір сыныпқа топтастырып, оқу бағдарламасына сай білім беру. Бұл сынып ашылғанымен, өз қиыншылықтары бар. Себебі – мұндағы оқушылар әр түрлі сыныптан жиналған. Сол себептен біз әр балғынмен жекелей жұмыс жасаймыз.

Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде осындай мүмкіндігі шектеулі балалардың сауатын ашу үшін жалпы білім беретін мекттептерде түзетіп-дамыта оқыту сыныптары ашылып жатыр. Онда негізінен белгілі себептермен ақыл-ойының жетілуінде ауытқуы бар немесе психикалық дамуы тежелген оқушылар тәлім алуда. Міне, дәл осы республикалық конференция – аталмыш мәселелер төңірегінде өрбімек. Жиынға қатысушылар өз өңірлерінде инклюзивті білім беруде қолданып келетін әдістерімен де бөлісті.

Алмагүл Сейсенова – Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкері:

-Бізде ұлттық ғылыми орталық бар. Арнайы білім беру мекемелерінің арасында жүз арнайы мектеп, елу сегіз психологиялық, медициналық, педагогикалық мектеп, жүз отыздан аса педагогикалық-психологиялық түзету сыныптары, оңалту орталықтары бар.

Сонымен бірге, қонақтарға ойша есептеу мектебінің қызметі де таныстырылды. Бүгінде мұндай оқыту орталықтары еліміздің барлық қалаларында жұмыс жасауда. Мамандардың айтуынша, балаларын ерекше арифметикаға үйретуге ниетті ата-аналардың қатары артып келеді.

Гүлжазира Байжұманова:

-Ойша есептеу – бала логикасының дамуына септігін тигізеді. Себебі ол қағазды пайдаланбай, есептеу жүргізеді. Одан кейін бұндай сабақтар қиялдың ары қарай дамуына әсер етеді. Біздер есептен бөлек, кез келген тапсырмаға шектеулі уақыттың ішінде дұрыс жауап беруге де үйретеміз.

Республикалық конференция түс ауа білім беру саласы қызметкерлерінің кеңейтілген отырысына ұласты. Бұл жерде Қазақстанның әр өңірінен жиналған ұстаздарды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтап, өңірде өткізілген шараның маңызына тоқталды.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

-Инклюзивті оқыту заман талабы. Онда негізінен белгілі себептермен ақыл-ойының жетілуінде ауытқуы бар немесе психикалық дамуы тежелген оқушылар тәлім алуда.

Жалпы аталған конференцияда мүмкіндігі шектеулі балғындарды оңалту мен өмірге бейімдеу жайы кеңінен талқыға түсті. Мәселен, Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат бұл тұрғыда көпке үлгі боларлықтай. Мысалы, биыл білім беру мекемесінің он бір түлегі жоғарғы оқу орындарына түсткен.

Жангелді Тәжин – есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат директоры:

-Біздің мектеп-интернат тәрбиеленушілері түрлі республикалық және халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Сондықтан да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз жетерлік.

Барлығы бүгінгі отырысқа еліміздің әр аймағынан екі жүзге жуық оқытушы қатысты.

 

Бакыт Садуакасов