Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мал шаруашылығын мықтап қолға алған серіктестіктің ісі өрге домалауда

Шаруашылық 2012 жылы “Қазагроқаржы” АҚ-ы арқылы Америка Құрама Штатынан “абердин ангус” тұқымды 200 мал басын жеткізген. Биыл мұндағылар ірі қараның 4-ші рет төлін алыпты. Ферманың бас технологы Арман Дәулетов ірі қара мен бұқаларды күтіп-баптауда қатты талап жоқ, тек жем-азығын уақытылы берсе болғаны, – дейді.

Арман Дәулетов – “Мамбетов и К” КС бас технологы, Мамлют ауданы:

-Мына бұқаларды алсақ, оларды пішендеме, жүгерімен тамақтандырамыз. Суы мен шөбін алдынан айырмаймыз. Тұзы мен микро және макроэлементтерін қосып береміз. Сонымен жақсы өнім алып жатырмыз.

Айта кеткен жөн, мұндағы асыл тұқымды “абердин ангус” бұқаларын жергілікті жердегі шаруашылықтардан өзге еліміздің Алматы мен Қостанай облыстарынан да сатып алушылар табылуда. Мұндағы мал күніне 1,5 келі салмақ қосады. Мәселен, мына 15-17 айлық бұқаның қазіргі салмағы 550-600 келіге жеткен. Болашақта серіктестік сүтті бағыттағы симментал тұқымды сиырларды өсіруді мықтап қолға алмақшы. Бүгінде “Қазагроқаржы” АҚ-ның жергілікті филиалына қажетті құжаттарды тапсырып та қойған. “Жаз арбаңды, қыс шанаңды сайла” дегендей, командиттік серіктестік қазірде қыста малға керекті пішендемемен де қамданып жатқан жайы бар. Осы жылы шаруашылық тәжірибе жүзінде 100 гектар аумаққа жүгері егіпті. Серіктестік бірер күн ішінде күзгі ораққа да кіріседі.

Арыстан Жүнісов – “Мамбетов и К” КС атқарушы директоры, Мамлют ауданы:

-Егіннің шығымы жаман емес. Оның үстіне астықтың барлығы жайлап пісіп келеді. Аманшылық болса, сәрсенбі күні дәнді дақылдарды жығуды бастаймыз. Техникалар саны жеткілікті, барлығы бар.

Сонымен бірге, серіктестіктің 6 мың тонналық астық сақтайтын қамбасы да биылғы өнімді қабылдауға толықтай дайын.

Батыржан Сауытбаев – “Мамбетов и К” КС бас агрономы, Мамлют ауданы:

-Қырман бидай мен арпа, сұлы қабылдауға әзір. Күніне 1000-1500 тонна астық қабылдай аламыз. Ал кептіргіштер күніне 360 тонна астық кептіре алады. Қамбалар да даяр тұр.

Сондай-ақ, мұнда жұмысшыларға бүкіл жағдай жасалып, барынша қолдау көрсетіледі, – дейді серіктестіктің атқарушы директоры Арыстан Жүнісов.

Арыстан Жүнісов – “Мамбетов и К” КС атқарушы директоры, Мамлют ауданы:

-Біздер өзіміздің қарамағымызда жұмыс атқарып жатқан жұмысшыларымызға деген көңіліміз ерекше. Сондықтан да жаңадан үй салып, жұмысшыларға үй беріп жатырмыз. Әлеуметтік нысандар бар. Солардың жұмыс жасауы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу біздің серіктестіктің мойнында.

Бүгінде облыстағы беткеұстар агроқұрылымның қарамағында 219 ауылдық азамат еңбек етіп, бала-шағасын асырап отыр. Жұмысшылардың айына алатын орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды.

 

 

Бакыт Садуакасов